homepage
depositphotos.com

Кәсіпкерді қолдау: 86,5 млн теңгеге дейінгі жеңілдетілген несие кімдерге беріледі

07.08.2026, 09:43

Алматы қаласында шағын және микробизнес өкілдеріне арналған «Almaty Business – 2030» бағдарламасы жалғасуда. Бағдарлама аясында кәсіпкерлер 86,5 миллион теңгеге дейін жеңілдетілген несие алып, өз жобаларын жүзеге асыра алады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Қаржыландыру өндіріс, туризм, ақпараттық технологиялар, креативті индустрия, білім беру және басқа да басым бағыттардағы кәсіпкерлік жобаларға беріледі.

Бағдарламаға қатысудың негізгі шарты – бизнес Алматы қаласының аумағында жұмыс істеуі керек.

Ұлттық асхана ашатын кәсіпкерлерге де қолдау көрсетіледі

Бағдарлама аясында қоғамдық тамақтану саласына ерекше көңіл бөлінген. Соның ішінде қазақтың ұлттық тағамдарын ұсынатын мейрамханалар мен дәмханалар ашуға ниетті кәсіпкерлер де жеңілдетілген қаржыландыруға өтініш бере алады.

Инвестициялық мақсаттағы несиелер 7 жылға дейін, ал айналым қаражатын толықтыруға арналған қаржы 3 жылға дейінгі мерзімге ұсынылады.

Сондай-ақ шағын және орта бизнес субъектілеріне несие жылдық 9 пайыздық мөлшерлемемен беріледі. Ал өндіріс және өнеркәсіп саласындағы жобалар үшін мөлшерлеме 6 пайызды құрайды. 

Бағдарлама кәсіпкерлердің жаңа жобаларды іске асыруына және жұмыс істеп тұрған бизнесті кеңейтуіне қолдау көрсетуге бағытталған.