ҚР Бас прокуратурасы мен Қаржылық мониторинг агенттігінің қызметкерлері Қазақстанның Вьетнамдағы елшілігінің қолдауымен блогер Қайсар Қамзаны Қазақстанға экстрадициялады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Бас прокуратура мәліметінше, блогер заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыруға жәрдемдесті деген күдікке ілінген.
Тергеу нұсқасы бойынша, блогер 2025 жылдың қаңтарында әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі кең аудиториясын пайдаланып, сыйақы үшін заңсыз интернет-казиноның жарнамасын жариялап, Қазақстан азаматтарын құмар ойындарына қатысуға тартқан.
Ведомство мәліметінше, онлайн-казиноны насихаттағаны үшін оның криптовалюталық әмиянына 200 мың АҚШ долларына жуық қаражат түскен.
“Жалпы, қылмыстық топтың қатысушылары 2021 жылдан бастап 2025 жылды қоса есептеген мерзімде Қазақстанда бірнеше заңсыз онлайн-казиноның қызметін ұйымдастырып, төлем терминалдары арқылы 106 млрд теңгеден астам қаражатты заңсыз иемденген”, – делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта қылмыстық топтың 9 қатысушысы қамауға алынған, қалғандарына халықаралық іздеу жарияланған.
Қайсар Қамза биыл маусым айында Интерполдың сұрауы бойынша Вьетнам аумағында ұсталған. Кейін Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауы негізінде елге экстрадицияланды.
Қазір күдікті тергеу изоляторына қамалды. Оған тағылған айып дәлелденген жағдайда, мүлкі тәркіленіп, жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.