Жамбыл және Қостанай облыстарында «Қазақтелеком» АҚ-ның екі қызметкері өндірістік жұмыстарды орындау кезінде қаза тапты. Қайғылы оқиғаларға байланысты тергеу басталды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Оқиғаның мән-жайы
Компанияның мәліметінше, алғашқы оқиға 4 тамызда Жамбыл облысында болған.
Арнайы техника қолданылған жұмыс кезінде Тараз қаласындағы техникалық пайдалану орталығының қызметкері өмірімен үйлеспейтін жарақат алған.
Ал 5 тамызда Қостанай облысының Әулиекөл ауданында байланыс желісінің бағандарында жұмыс жүргізіп жатқан желілік-техникалық цехтың қызметкері қаза тапқан.
Қостанай облыстық полиция департаментінің алдын ала мәліметіне сәйкес, қайғылы оқиға Москалевка ауылында болған.
Байланыс желісінің ескі бағандарын бөлшектеу кезінде темірбетон баған электромонтердің үстіне құлап, ол оқиға орнында көз жұмған.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс тіркеліп, оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталып жатыр.
Қаза тапқандардың отбасына қолдау көрсетіле ме?
«Қазақтелеком» екі оқиға бойынша да уәкілетті мемлекеттік органдардың қатысуымен қызметтік тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады.
Компания қаза тапқан қызметкерлердің отбасыларына қажетті қолдау көрсетілетінін мәлімдеді.
Сондай-ақ компания мұндай қайғылы жағдайлардың қайталануына жол бермеу үшін өндірістегі қауіпсіздік талаптарына қосымша талдау жүргізіліп, бақылау шаралары күшейтілетінін хабарлады.