Соңғы бес жылда Қазақстанда неонаталдық хирургияның қарқынды дамуы нәтижесінде ауыр туа біткен даму ақауы бар жаңа туған нәрестелердің өмір сүру көрсеткіші айтарлықтай жақсарды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, осы кезеңде ауыр туа біткен аурулары бар нәрестелер арасындағы өлім-жітім 22%-дан 6,9%-ға дейін төмендеген. Ал күрделі операциядан кейінгі өмір сүру деңгейі 84%-дан 93%-ға дейін артқан.
Жыл сайын елімізде шамамен 1 400 жаңа туған нәрестеге операция жасалады. Мамандандырылған медициналық көмек Қазақстанның барлық өңіріндегі перинаталдық орталықтарда көрсетіледі.
Ерте диагностика мен жаңа технологиялар нәтижесі
Мамандардың айтуынша, нәтижеге ерте пренаталдық диагностика, жоғары технологиялық емдеу әдістері және көпсалалы дәрігерлер тобының бірлескен жұмысы ықпал еткен.
Қазіргі таңда жүктіліктің 18–20 аптасында туа біткен даму ақауларының басым бөлігін анықтауға болады. Бұл дәрігерлерге сәби дүниеге келмей тұрып қажетті емдеу тактикасын жоспарлауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар елімізде жатырішілік (феталдық) хирургия да дамып келеді. Алматы мен Астанадағы мамандандырылған орталықтарда бүгінге дейін 39 жатырішілік операция жасалған.
Жоғары технологиялық көмек кеңейіп келеді
Соңғы жылдары жаңа туған нәрестелерге жасалатын операциялардың шамамен үштен бірі аз инвазиялық әдіспен орындалады. Бұл операциядан кейінгі оңалу мерзімін қысқартып, асқыну қаупін азайтады.
Сондай-ақ 2022 жылдан бері ауыр тыныс жеткіліксіздігі кезінде қолданылатын экстракорпоралдық мембраналық оксигенация (ЭКМО) технологиясы енгізілген.
Алдағы уақытта күрделі операцияларға дайындық кезінде 3D-модельдеу, генетикалық технологиялар мен телемедицина мүмкіндіктерін кеңейту жоспарланып отыр.