homepage
juzmedia.kz

Қазақстанда тіркелетін әрбір үшінші қылмыс – алаяқтық

06.08.2026, 16:38

2026 жылдың алғашқы алты айында Қазақстанда 57 мың қылмыстық құқықбұзушылық тіркелді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Ranking зерттеуіне сүйенсек, бұл - өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11,7%-ға аз көрсеткіш. Соған қарамастан, елде ең жиі тіркелетін қылмыстық құқықбұзушылық түрі әлі де алаяқтық болып отыр.

Алаяқтық бірінші орында тұр

Қаңтар-маусым айларында 19,5 мың алаяқтық дерегі тіркелген. Бұл былтырғыдан 14,6%-ға аз болғанымен, барлық қылмыстық құқықбұзушылықтың 34,2%-ын құрады.

Яғни, Қазақстанда тіркелетін әрбір үшінші қылмыстық құқықбұзушылық алаяқтық болып отыр.

Сондай-ақ:

  • ұрлық – 10,3 мың (-16%);
  • есірткіге қатысты құқықбұзушылық – 4,1 мың (-6,8%);
  • тонау – 453 (-21,1%);
  • қарақшылық – 28 (-34,9%);
  • бұзақылық – 601 (-12,5%);
  • бопсалау – 290 (-19,7%);
  • кісі өлтіру – 203 (-3,3%).

Ал көрсеткіші көбейген жалғыз қылмыс – зорлау дерегі болып отыр. Бұл қылмыс саны бір жылда 226-дан 231-ге дейін көбейген.

Сарапшылардың айтуынша, соңғы он жылда дәстүрлі мүліктік және көшедегі қылмыстар айтарлықтай азайған. Мысалы, ұрлық саны шамамен 11 есеге, тонау 12,4 есеге, қарақшылық 15 есеге жуық қысқарған.

Ал алаяқтық деректерінің саны он жыл ішінде айтарлықтай өзгермегендіктен, оның жалпы қылмыс құрылымындағы үлесі едәуір артқан.

Электронды форматтағы қылмыстар

Биылғы алты айда қылмыстық құқықбұзушылықтардың 92,5%-ы электронды форматта тіркелген. Бұл құқықбұзушылық интернетте жасалды дегенді білдірмейді.

Электронды формат – қылмыстық істі цифрлық түрде жүргізу жүйесі.

Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің мәліметінше, бұл жүйе тергеу процесінің ашықтығын арттырып, құжат айналымын жеделдетуге және прокурорлық бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді.

Ең көп құқықбұзушылық Алматыда тіркелген

Өңірлер арасында қылмыстық құқықбұзушылық ең көп тіркелген қала – Алматы. Мұнда алты айда 10,4 мың дерек есепке алынған. Одан кейін:

  • Астана – 7,4 мың;
  • Алматы облысы – 4,4 мың.

Жалпы ел бойынша барлық өңірде қылмыстық құқықбұзушылық саны азайған. Ең айқын төмендеу Қарағанды және Ақмола облыстарында байқалған.

Сондай-ақ қаңтар-маусым аралығында қылмыстық құқықбұзушылық жасаған 28,5 мың адам есепке алынған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 4,3%-ға аз. Ең көп құқықбұзушылық жасағандар Алматы, Астана және Шымкент қалаларында тіркелген.

Жалпы сарапшылар соңғы жылдары дәстүрлі қылмыстардың азайғанын, алайда алаяқтықтың бұрынғы деңгейде сақталуы құқық қорғау органдарының азаматтарды, әсіресе цифрлық және қаржылық алаяқтықтан қорғау шараларын күшейтуі қажет екенін көрсететінін айтады.