homepage
depositphotos.com

Еңбек нарығында ең жоғары жалақы кімдерге ұсынылған

06.08.2026, 15:22

2026 жылдың шілде айында Enbek.kz электрондық еңбек биржасында жұмыс берушілер 104,6 мың бос жұмыс орнын жариялады. Ал жұмыс іздеушілер 141,2 мың түйіндеме орналастырған, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Маусыммен салыстырғанда бос жұмыс орындарының саны 3,8%-ға азайса, түйіндемелер саны 11,5%-ға артқан. Мамандар мұны жаз мезгіліндегі маусымдық үрдіспен байланыстырады. Бұл кезеңде оқу орындарының түлектері еңбек нарығына белсенді шығып, жұмыс іздеушілер саны көбейеді.

Қай салаларда жұмыс көп?

Шілде айында жұмыс берушілер ең көп вакансияны мына салаларда жариялаған:

  • білім беру – 23,4 мың;
  • қызмет көрсету – 16 мың;
  • денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету – 10,3 мың;
  • ауыл, орман және балық шаруашылығы – 8,2 мың;
  • өңдеу өнеркәсібі – 6,8 мың;
  • құрылыс – 5,7 мың.

Өңірлер арасында бос жұмыс орындарының саны бойынша Астана (8,8 мың), Түркістан облысы (7,6 мың), Павлодар облысы (7,1 мың), Алматы қаласы (7 мың) және Ақмола облысы (6,9 мың) көш бастап тұр.

Ең жоғары жалақы қандай мамандықтарға ұсынылды?

Enbek.kz мәліметінше, шілде айында ең жоғары жалақы төмендегі лауазымдарға ұсынылған:

  • бағдарламалық қамтамасыз ету архитекторы – шамамен 1,12 млн теңге;
  • ұшу қауіпсіздігі жөніндегі инженер-инспектор – 910 мың теңге;
  • маркетинг және өнім өткізу бөлімінің бастығының орынбасары – 900 мың теңге.

Ал жұмыс іздеушілердің ең жоғары жалақы күткені:

  • ұшқыш – 2,39 млн теңге;
  • стюардесса – 1,43 млн теңге;
  • электр станциясының бастығы – 1,32 млн теңге.

Жыл басынан бері Enbek.kz платформасында жалпы 709 мың бос жұмыс орны мен 877,2 мың түйіндеме жарияланған. Бұл еңбек нарығында жұмыс іздеушілер белсенділігінің жоғары екенін көрсетеді.