homepage
depositphotos.com

Білім гранты иегерлерінің тізімі ертең жарияланады

06.08.2026, 14:57

2026-2027 оқу жылына арналған мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау конкурсының қорытындысы 7 тамыз күні сағат 15:00-де жарияланады. Ал грант конкурсына 127 мыңнан астам талапкер қатысып, бакалавриат бағдарламалары бойынша шамамен 75 мың грант бөлінген, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

2026-2027 оқу жылына арналған мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау жөніндегі Республикалық комиссияның отырысы өтті.

Комиссия құрамында қоғам қайраткерлері, мемлекеттік органдардың, білім саласы кәсіподақтарының, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының, жоғары оқу орындары қауымдастығының және қоғамдық ұйымдардың өкілдері жұмыс істеді. Үміткерлердің өтініштері қолданыстағы ережелерге сәйкес конкурс тәртібімен қаралды.

Биыл мемлекеттік білім беру гранттары конкурсына қатысу үшін 127 мыңнан астам өтініш қабылданған.

Талапкерлер ең көп таңдаған бағыттар – «Педагогикалық ғылымдар», «Инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары» және «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар».

Ал ең жоғары бәсекелестік болашақ аудармашыларды, дипломаттарды, заңгерлерді, психологтер мен педагогтерді даярлайтын білім беру бағдарламалары арасында қалыптасқан.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, 2026-2027 оқу жылында бакалавриат бағдарламалары бойынша шамамен 75 мың мемлекеттік білім беру гранты бөлінді. Оның 60%-ы инженерлік-техникалық бағыттарға, 20%-ы педагогикалық мамандықтарға, қалған 20%-ы өзге білім беру бағыттарына қарастырылған.

Гранттар талапкерлердің ҰБТ нәтижелері, таңдаған білім беру бағдарламалары және заңнамада белгіленген квоталар негізінде тағайындалды.

Мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау конкурсының қорытындысы 7 тамызда сағат 15:00-де ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің ресми парақшаларында:

және ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің ресми ақпарат көздерінде:

Айта кетейік, жоғары оқу орындарына құжат қабылдау 25 тамызға дейін жалғасады.