Әлеуметтік желіде екі миллионнан астам оқырманы бар қазақстандық блогер Қайсар Қамзаның Вьетнамнан Қазақстанға жеткізіліп жатқаны туралы ақпарат тарады. Желіде оның Камрань әуежайында қолына кісен салынған күйде түсірілген суреттері жарияланды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Бұған дейін, 2026 жылдың қаңтарында Қайсар Қамза халықаралық іздеуге жарияланған болатын. Telegram-арналарда жарияланған мәліметке қарағанда, блогер Қазақстанға құқық қорғау органдары қызметкерінің алып жүруімен қайтарылып жатыр.
Тергеу нұсқасы бойынша, Қайсар Қамза Қазақстан аумағында тыйым салынған онлайн-казиноны заңсыз жарнамалаған. Ол шетелдік Pin-Up букмекерлік бренді атын жамылған заңсыз құмар ойын платформаларын әлеуметтік желілер мен Telegram арқылы насихаттаған деген күдікке ілінген.
Мәліметке сәйкес, блогер Instagram-дағы екі миллионнан астам және Telegram-дағы 400 мыңнан астам аудиториясын пайдаланып, заңсыз жарнама орналастырған. Тергеу барысында оның криптовалюта әмияндарынан шамамен 200 мың АҚШ доллары анықталғаны хабарланған.
Қылмыстық схема әшкереленгеннен кейін Қайсар Қамза Оңтүстік-Шығыс Азияға кетіп қалған. Алайда 2026 жылдың сәуір айында ол Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауы бойынша Вьетнамның Камрань қаласында ұсталды.
Айта кетейік, осы Pin-Up ісі бойынша Украина азаматтары Дмитрий Дружинский мен Марина Левкович-Гинзбург те халықаралық іздеуге жарияланған. Тергеу мәліметінше, олар Қазақстандағы заңсыз қызметті ұйымдастырды деген күдікке ілінген. Сонымен қатар тергеу букмекерлік компания мен онлайн-казиноның түпкі бенефициарлары ретінде Ресей азаматы Дмитрий Пунин мен Украина азаматы Марина Ильинаны атайды. Олар Кипрде тұрады.
Қазіргі уақытта Қайсар Қамзаға қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасып жатыр.