homepage
gov.kz

МӘМС жүйесіндегі заңбұзушылықтардан келген шығын 3,7 млрд теңгені құрады

06.08.2026, 14:18

Қазақстандағы Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде анықталған заңсыз әрекеттерден келген шығын биылғы алты айдың қорытындысы бойынша 3,7 млрд теңгені құрады, деп хабарлайды Juzmedia.kz агенттігі LS-ке сілтеме жасап. 

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының мәліметінше, жарты жыл ішінде құқық қорғау органдарына 4,5 млрд теңгеге қатысты 72 материал жолданған. Оларды қарау нәтижесінде 27 қылмыстық іс тіркелген.

Салыстырмалы түрде, өткен жылы құқық қорғау органдарына 630 млн теңгеге қатысты 73 материал беріліп, олардың негізінде небәрі сегіз қылмыстық іс қозғалған.

Қордың хабарлауынша, анықталған заңбұзушылықтардың көбеюі бақылау шараларының күшеюіне байланысты болып отыр. Қазіргі тергеліп жатқан фактілердің басым бөлігі соңғы екі жылда болған.

Олардың қатарында:

  • көрсетілмеген медициналық қызметтерді рәсімдеу;
  • медициналық қызмет көлемін негізсіз көбейтіп көрсету;
  • азаматтарды жалған тіркеу;
  • жеке деректерді заңсыз пайдалану;
  • МӘМС қаражатын заңсыз иемденуге бағытталған өзге де схемалар бар.

Сонымен қатар қор қаржылық бақылау тәсілін жаңартып жатқанын мәлімдеді. Бұрын заңбұзушылықтар қаражат медициналық ұйымдарға аударылғаннан кейін анықталса, енді оларды төлем жасалмай тұрып анықтауға басымдық беріледі.

Осы мақсатта Qalqan ІТ-платформасы, автоматтандырылған антифрод жүйесі және тәуекелдерді талдайтын алгоритмдерді қамтитын бірыңғай цифрлық бақылау экожүйесі енгізілуде.

Жаңа жүйе күмәнді көлемдегі медициналық қызметтерді, жаппай жалған есептерді, жалған медициналық ұйымдардың белгілерін және көрсетілген қызмет көлемін қолдан ұлғайту фактілерін ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда Қазақстанда 5,5 миллионнан астам жұмыс істейтін азамат МӘМС жүйесіне жарна мен аударым төлейді.

Еске салайық, бұған дейін жүргізілген ІТ-аудит барысында МӘМС жүйесінде ауқымды заңсыздықтар анықталған болатын. Атап айтқанда, қайтыс болған адамдарға медициналық қызмет көрсетілді деп рәсімдеу, көрсетілмеген қызметтерді есепке жазу және балаларға тәулігіне ондаған мың доза дәрі тағайындалғаны туралы деректер белгілі болған еді. Осыдан кейін МӘМС қорының қаржы ағындарын бақылау функциясын Қаржы министрлігіне беру туралы шешім қабылданған.