Қазақстанның Бас прокуратурасы мен Ішкі істер министрлігі Интерполының қызметкерлері аса ірі көлемдегі алаяқтық жасады деген күдікке ілінген Қазақстан азаматын Грузиядан экстрадициялады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Тергеу мәліметінше, күдікті 2021 жылдың қаңтары мен 2022 жылдың ақпаны аралығында атыраулық әйелге Кипрден пәтер сатып алып беруге көмектесетінін айтып, бірнеше рет ақша аудартқан.
Осылайша, ол жәбірленушінің 100 миллион теңгеден астам қаражатын алаяқтық жолмен иемденді деген күдікке ілінген.
Қылмыс жасалғаннан кейін күдікті шетелге қашып кеткен. Осыған байланысты оған халықаралық іздеу жарияланған.
2026 жылдың маусымында ол Грузия аумағында ұсталып, Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауы бойынша елге экстрадицияланды.
Қазір күдікті тергеу изоляторына қамалды.
Егер оның кінәсі дәлелденсе, оған мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе қызметпен айналысу құқығынан 10 жылға дейін айырылып, 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.