Қазақстанда мектеп бағдарламасы жасанды интеллект бағытында жаңартылып жатыр, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Оқу-ағарту министрлігінің хабарлауынша, өзгерістер Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылуда. Осы мақсатта «Жасанды интеллект туралы» заң қабылданып, кейін мектептерде ЖИ-ді енгізуге қатысты Президент Жарлығы шықты.
Жаңартылған бағдарламаға сәйкес, 1-4-сыныптардағы «Цифрлық сауаттылық» пәні «Цифрлық сауаттылық және жасанды интеллект», ал 5-11-сыныптардағы «Информатика» пәні «Информатика және жасанды интеллект» деп аталады.
Алайда өзгеріс тек атаумен шектелмейді. Оқу бағдарламасына жасанды интеллектіге қатысты жаңа бөлімдер енгізіліп, жалпы 43 жаңа оқу мақсаты қосылды.
Бастауыш сынып оқушылары жасанды интеллектімен қарапайым мысалдар арқылы танысып, цифрлық қауіпсіздік пен жеке деректерді қорғауды үйренеді.
5-9-сынып оқушылары ЖИ құралдарын тиімді пайдалануды, дұрыс сұраныс құруды, алынған ақпаратты сыни бағалауды, сондай-ақ киберқауіпсіздік пен академиялық адалдық қағидаттарын меңгереді.
Ал 10–11-сыныптарда оқушылар жасанды интеллектінің жұмыс істеу принциптерін тереңірек зерттеп, машиналық оқыту, нейрондық желілер, деректерді талдау және қолданбалы криптография негіздерімен танысады.
Министрліктің мәліметінше, жаңартылған оқу бағдарламалары өткен оқу жылында сынақтан сәтті өтіп, оң сараптамалық қорытынды алған. Қазір оларды ресми бекіту жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар мұғалімдерге арналған білім беру процесінде жасанды интеллектіні қауіпсіз әрі тиімді пайдалану жөніндегі әдістемелік ұсынымдар да әзірленіп жатыр.