Ақтөбеде көлік қаққан 11 жастағы оқушы комада жатыр. Дәрігерлер жағдайы тым ауыр екенін айтады, деп хабарлайды Juzmedia.kz агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Бүгінде ақ халаттылар бүлдіршіннің өмірі үшін күресіп жатыр.
— Қызым көшеге дүкенге шыққан. Күн сайын өзі барып жүрген жері. Қысқа көшеде қатты жылдамдықпен келіп қаққан. Оқиға болған кезде кептелісте он шақты көлік те тұрған, – дейді Светлана Розбах.
Қызының апаттан соң ессіз жатқанын көршілерінен білген. Анасы оқиға орнына жедел жәрдем баласын алып кетіп бара жатқанда жеткен.
Ал қаққан көлік жүргізушісі «сағатына қырық шақырым жылдамдықпен жүрдім» деп, бет бақтырмай, оқушының өзі жүгіріп шықты деп ақталған.
Жол-көлік оқиғасына қатысты полиция қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізіп жатыр.
11 жастағы оқушыны Chevrolet Cobalt автокөлігі қағып кеткен. Тергеу аясында жол апатының нақты мән-жайы, жүргізушінің жылдамдық режимін сақтаған-сақтамағаны және жаяу жүргіншінің жолға шығу жағдайы анықталуда.
— Chevrolet автокөлігінің жүргізушісі Ембі көшесімен келе жатырып, жолды белгіленбеген жерден өтіп бара жатқан кәмелетке толмаған қызды қағып кетеді. Жол-көлік оқиғасынан қыз ауруханаға жеткізілді. Қазір осы оқиғаның мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу жүргізілуде, – деді Ақтөбе облысы ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.