Ақмола облысында азаматтардың жеке деректерін заңсыз пайдаланып, олардың атына несие рәсімдеумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшелеріне сот үкімі шықты, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Ақмола облысы прокуратурасының мәліметінше, аса ірі көлемдегі алаяқтық жасады деп айыпталған 21 адамға қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталған. Айыпталушылардың қатарында Астана, Алматы, Көкшетау, Петропавл қалалары мен Алматы және Ақмола облыстарының тұрғындары бар.
Тергеу барысында қылмыстық топ мүшелерінің азаматтарды алдап, олардың жеке деректерін пайдалану арқылы екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдарынан заңсыз несие рәсімдегені анықталған. Соның салдарынан келтірілген жалпы шығын көлемі шамамен 2 млрд теңгені құрады.
Іс материалдарына сәйкес, қылмыстық топ 2019 жылдан 2024 жылға дейін Қазақстанның түрлі өңірлерінде әрекет еткен. Қылмыскерлер көбіне алкогольге немесе есірткіге тәуелді азаматтарды нысанаға алған.
Ақмола облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2026 жылғы 5 тамыздағы үкімімен 21 сотталушының барлығы кінәлі деп танылды. Олар 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды.