Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қаражатын негізсіз төлемдерден қорғаудың жаңа жүйесі енгізілмек, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының хабарлауынша, жаңа модельдің басты ерекшелігі – заңбұзушылықтарды төлем жасалғаннан кейін емес, қаражат аударылғанға дейін анықтау. Ол үшін цифрлық бақылау, тәуекелге негізделген талдау және автоматтандырылған антифрод жүйесі қолданылады.
Қанша материал құқық қорғау органдарына жолданды?
Қор мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы алты айында жалпы сомасы 4,5 млрд теңгеге қатысты 72 материал құқық қорғау органдарына жіберілген.
Соның нәтижесінде 27 қылмыстық іс тіркеліп, алдын ала анықталған залал көлемі 3,7 млрд теңгені құрады.
Заңбұзушылықтар негізінен:
Қор мұндай көрсеткіштер заңбұзушылықтардың көбейгенін емес, бақылау жүйесінің күшейгенін көрсететінін атап өтті.
Пациенттер де бақылауға қатыса алады
Жаңа жүйе аясында әрбір азамат өз атына қандай медициналық қызметтер тіркелгенін тексеріп, шын мәнінде көрсетілмеген қызметтер туралы хабарлай алады. Мұндай ақпарат тәуекелдерді анықтауға және қосымша тексерулер жүргізуге негіз болады.
Қор басқармасының төрағасы Гүлмира Сәбденбектің айтуынша, енді басты мақсат – заңбұзушылықтарды кейін анықтау емес, олардың алдын алу.
«Біздің мақсатымыз – медициналық ұйымдарға қаражат аударылғанға дейін негізсіз төлемдердің жасалуына жол бермеу. Бұл әрбір теңгенің мақсатты жұмсалуын қамтамасыз етіп, азаматтардың МӘМС жүйесіне деген сенімін арттырады», – деді ӘМСҚ басқарма төрағасы Гүлмира Сәбденбек.
Бүгінде Қазақстанда 5,5 миллионнан астам адам МӘМС жүйесіне жарна аударады. Жаңа бақылау жүйесі осы қаражаттың нақты көрсетілген медициналық қызметтерге ғана жұмсалуын қамтамасыз етуге бағытталған.