homepage
Ақорда

Баспана мәселесі: Тоқаев «Бәйтерек» басшысына тапсырма берді

05.08.2026, 17:21

Президент «Бәйтерек» холдингінің басқарма төрағасы Рустам Қарағойшинді қабылдады. Кездесуде Мемлекет басшысына холдингтің даму көрсеткіштері, инвестициялық жобалары және жаңа ұзақмерзімді стратегиясы таныстырылды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Рустам Қарағойшиннің айтуынша, холдингтің инвестициялық және кредиттік портфелі бүгінде 14,3 триллион теңгені құрайды. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті 16,5 триллион теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр. Жыл сайынғы таза пайда көлемі 400 миллиард теңгеден асады деп болжануда.

Холдингтің қолдауымен 2025 жылдың қорытындысында 77,5 мың отбасы баспанамен қамтамасыз етілген. Оның ішінде тұрғын үй кезегінде тұрған 11,6 мың отбасы бар.

Сондай-ақ өткен жылы 77 ірі инвестициялық жоба, шағын және орта бизнеске арналған 27,4 мың жоба қаржыландырылып, экспортқа өнім шығаратын 131 кәсіпкерге қолдау көрсетілген. Бұдан бөлек, 7,2 мың агроқұрылым көктемгі егіс жұмыстарына қажетті 11,4 мың ауыл шаруашылығы техникасын лизингке алған.

Кездесу барысында холдингтің жаңа ұзақмерзімді даму стратегиясы да таныстырылды. Жаңа модель активтерді тиімді басқаруға, бизнеске қолайлы жағдай жасауға және халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған.

Сонымен қатар жыл соңына дейін Инвестициялық кеңестің қарауына импортты алмастыруға, экспортты ұлғайтуға және инфрақұрылымды дамытуға арналған 26 инвестициялық жобаны енгізу жоспарланып отыр.

Кездесу қорытындысында Президент экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз ету үшін ұзақмерзімді инвестициялар тартудың маңызын атап өтті. Сондай-ақ шағын және орта бизнесті қолдау тетіктерін күшейтіп, азаматтар үшін тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыруды тапсырды.