Қазақстан жұмыс берушілердің қызметкерлерді оқыту мен олардың біліктілігін арттыруға қосқан үлесі бойынша әлемдегі 69 елдің ішінде 11-орынға ие болды. Бұл көрсеткіш IMD World Talent Ranking халықаралық рейтингінің Employee Training индексінде жарияланды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Қазақстан үздіктер қатарына енді
Finprom cарапшыларының зерттеуінше, Employee Training индексі компаниялардың қызметкерлерді оқыту мен кәсіби дамытуды қаншалықты маңызды басымдық ретінде қарайтынын бағалайды.
Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан 7,13 балл жинап, Швейцария, Дания, Австрия, Швеция және Финляндия секілді еңбек нарығы дамыған мемлекеттермен бір қатарға орналасты.
Жалпы IMD World Talent Ranking рейтингінде Қазақстан 34-орынға тұрақтады.
Аталған рейтинг елдердің білікті кадрларды даярлау, тарту және ұстап қалу мүмкіндігін бағалайды.
Қазақстандық жұмыс берушілер жоғары бағаланды
Елімізде алғаш рет өткізілген Paryz Bridge жұмыс берушілер рейтингіне 117 компания қатысты.
Зерттеу барысында шамамен 150 мың қызметкерді қамтитын ұйымдар бағаланып, 47 мыңнан астам қызметкердің пікірі ескерілген.
Зерттеу нәтижесінде қаржы секторындағы үздік жұмыс берушілер қатарынан «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі, Отбасы банк және «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры танылды.
Еңбек нарығындағы көрсеткіштер де жоғары
Халықаралық еңбек ұйымының (ILO) деректеріне сәйкес, 2025 жылы Қазақстан жұмыспен қамту деңгейі бойынша Орталық Азия және ЕАЭО елдері арасында көш бастады.
Елдегі жұмыспен қамту деңгейі 67 пайызды құрап, Беларусь, Ресей және Әзербайжаннан жоғары нәтиже көрсетті.
Сонымен қатар Trading Economics дерегі бойынша Қазақстан жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейінің төмендігі жөнінен әлемдегі 63 елдің ішінде 2-орынға жайғасқан.
Сарапшылардың пікірінше, бұл көрсеткіштер қазақстандық жұмыс берушілердің қызметкерлердің кәсіби дамуына көбірек көңіл бөліп, адами капиталға салынатын инвестиция көлемінің артып келе жатқанын көрсетеді.