homepage
Polisia.kz

Астанадағы көші-қон қызметі басшысының орынбасарына қатысты тергеу жүріп жатыр - ІІМ

05.08.2026, 15:48

Астана қаласы Полиция департаменті Көші-қон қызметі басқармасы басшысының орынбасары Әлия Мақаеваның ұсталуына қатысты Ішкі істер министрлігі түсініктеме берді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Informburo.kz сауалына жауап берген ІІМ баспасөз қызметінің мәліметінше, ведомство өз қатарында заңдылық пен қызметтік тәртіпті қамтамасыз ету бағытында тұрақты түрде жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.

«Басым бағыттардың бірі – құқықбұзушылықтарды анықтау, олардың алдын алу және жолын кесу, сондай-ақ заң талаптарын бұзған қызметкерлерді құқық қорғау органдары қатарынан тазарту. Анықталған әрбір дерек бойынша тиісті шаралар қабылданады», – деп мәлімдеді министрлік.

ІІМ мәліметінше, Әлия Мақаеваға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді Ұлттық қауіпсіздік комитеті ІІМ-нің Өзіндік қауіпсіздік департаментімен бірлесіп жүргізіп жатыр.

Сонымен қатар министрлік тергеудің қандай бап бойынша жүргізіліп жатқанын және істің өзге де мән-жайларын жарияламады.

Еске салайық, 3 тамызда Ұлттық қауіпсіздік комитеті Әлия Мақаеваға қатысты сотқа дейінгі тергеу басталғанын растаған болатын.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде оның заңсыз көші-қонды ұйымдастыруға қатысы болуы мүмкін екені туралы ақпарат тараған. Расталмаған мәліметтерге сәйкес, шетел азаматтарына заңсыз түрде Қазақстанда тұруға ықтиярхат рәсімделген болуы мүмкін.

Қазіргі уақытта тергеу жалғасып жатыр.

Теги: