«Ұлытауға бардың ба..?»
2022 жылы Қазақстанның картасында үш жаңа облыс пайда болды. Соның бірі – Ұлытау облысы. Басқа аймақтармен салыстырғанда, қазынадан алатын бюджеті аз. Бірақ проблемасы көп. Есесіне, облыс мәртебесін алғалы әкім ауыстырудан басқаларды шаң қаптырып жатыр. Аймаққа жуырда тағы да жаңадан әкім тағайындалды. Облыс мәртебесін алған төрт жылда бұл – үшіншісі. Әуелгісі Берік Әбдіғалиұлы, кейін өңірді Дастан Рыспеков басқарды. Екеуі де Ұлытау облысының тумасы, мемлекеттік қызметте тәжірибелері толағай, басқару қызметінен де құр алақан емес, сөйте тұра өңірдің жұмысын жүргізе алмады. Президенттен сөгіс, Үкімет басшысының есепсіз ескертулері ақыры екеуінің де түбіне жетіп тынды. Сөйтіп, өткен айда жаңа облысты тізгіндеуге Астана әкімі Жеңіс Қасымбектің шекпенінен шыққан Есет Байкен барды. «Астанадан келді» деген аты болмаса, сол Қарағанды облысында туып-өскен.
«Әкімдердің жиі ауысуы 2022 жылы облыс құрылғаннан кейін алғашында бәлкім кадрлық тұрақсыздықтан, институттардың қалыптасып үлгермеуінен немесе штат әлі жасақталмаған деген негізгі алғышарттар болуы мүмкін еді. Бірақ, екінші жағынан қарайтын болсақ, алғашқы әкім Берік Әбдіғалиұлы екі жыл төрт айдай жұмыс істеді. Дастан Рыспеков небары бір жыл тоғыз ай отырды. Жалпы бұл қысқамерзімді отырудың себептерін алыстан іздеп керегі жоқ. Бұл әкімдердің өз деңгейінде жұмысы дұрыс құрылмағанын жалпы механизмдерді жүзеге асырудағы тәжірибесінің, бәлкім белгілі бір жеке қасиеттердің жетіспеушілігі ме, бірақ, нақты көргеніміз Үкімет тарапынан көптеген сындар болды. Сондықтан, әкімдердің ауысуы бұл қандай да бір жүйелі дағдарыс деп айтуға болады кадр тапшылығы жағынан...», - дейді саясаттанушы Қазбек Майгельдинов.
Иа, Ұлытау облысында төрт жыл ішінде әкімнің үш рет ауысуы сарапшылар назарын аудартатын маңызды факторлардың бірі болып отыр. Кез келген жаңа өңір үшін басқарудағы сабақтастық ерекше маңызды. Бір әкім бастаған жобаларды келесі басшы қайта қарап, басымдықтарын өзгертуі мүмкін. Мұндай жағдайда стратегиялық жоспарлардың орындалу қарқыны баяулап, мемлекеттік аппараттың жұмысында қайта бейімделу кезеңі басталады. Соның салдарынан, жобалардың жүзеге асу мерзімі созылады, аймаққа ақша салам деп отырған инвесторлар ат тонын ала қашады, өңірдегі басқару тұрақтылығына күмәнмен қарайды. Халықтың жергілікті билікке деген сеніміне де селкеу түседі.
Қойшы көп болса... Ұлытау облысындағы «тұрақсыздыққа» ішкі элитаның әсері
Саясаттанушының сөзінше, Ұлытау облысында әкімдердің тұрақтамауына ішкі саяси элитаның да әсері жоқ емес. Қазір біздің елде кез келген өңірде ақсақалдар кеңесі бар. Бейресми институт болса да, аймақтың деңгейінде өзіндік ықпалы бар, әрі сөзі өтімді.
«Жезқазғанда ақсақалдар кеңесі деген бар. Қызметі түсініксіз. Олар өз бетінше бір Өзбекстандағы махалля сияқты белгілі бір әсер беретін орта қалыптастырып алған. Әкімдердің өзін жұмыс істеткізбей қойып жатқан кездерді де білеміз. Өйткені Президентке ашық хат жазып, әлеуметтік желілерге жариялап жүргенін көрдік. Сондықтан бұл жерде ішкі текетірестер де болуы мүмкін. Бұл себепті де естен шығармау қажет. Жезқазғанда моно қала ретінде басты жұмыс орынын беріп отырған кәсіпорын ол «Қазақмыс». «Қазақмыстың» да мемлекет ішіндегі мемлекет ретінде де бір өзіндік әсері бар. Ол жерде енді әкімнің мінезді болуы, әкімнің жұмысты дұрыс қоя алуы, қатаң шешімдер қабылдауға бел буа алуы сынды қасиеттерібар азамат керек деп ойлаймын», - дейді саясаттанушы Қазбек Майгельдинов.
Жаңа әкімнің алдындағы міндеттер
Төрт жыл ішінде жаңа облыстың төрт құбыласы теңесті деуге келмейді. Түйткілдер жетерлік. Облыс экономикасының негізгі бөлігі әлі күнге дейін тау-кен өнеркәсібіне тәуелді. Шағын және орта бизнестің үлесі төмен, жаңа өндірістердің саны жеткіліксіз. Көлік және логистика инфрақұрылымы да өңірдің дамуын тежейтін факторлардың бірі болып отыр. Жолдардың сапасы, теміржол және әуе қатынасының мүмкіндіктері тұрғындар мен инвесторлардың талаптарына толық сәйкес келе бермейді. Кадр тапшылығы да өзекті мәселе. Жаңа облыс болғандықтан мемлекеттік қызметте де, әлеуметтік салада да тәжірибелі мамандар жетіспейтін жағдайлар кездеседі.Қысқасы, екі білекті сыбанып қойып, жаңа әкімге өзін көрсететін үлкен мүмкіндік туып тұр.
«Ұлытау облысында инвестор тарту мәселесі ең көкейкесті. Ол туралы Үкімет отырыстанында да айтылып жүр. Жоғарыда айтылған екі әкімді мысалға келтірсек, күрделі қандай да бір инфрақұрылымдық жобаға өзінің саяси капиталын салған емес. Былайша айтқанда көзге көрінетін, азды-көпті әрекеттер болған шығар. Бірақ, бір үлкен мега жоба болған емес. Көші-қон динамикасы теріс. Өйткені жастар Қарағанды мен Астанаға кетіп жатыр. Ал халқы азайған сайын, мәртебесі де, мағынасы да, төмендей түсетін сияқты. Одан кейін экономикалық моноқұрылым тек «Қазақмыстың» айналасында тұр. Бұл бүкіл облыстың әл-ауқатына әсер етіп отыр. Әптараптандыру жасау керек, бірақ әлі ешқандай жаңа бір кәсіпорын, жаңа өнеркәсіптер ашылып жатқан жоқ», - дейді саясаттанушы Қазбек Майгельдинов.
Әлемдік тәжірибеде жаңа әкімшілік аумақтың толық қалыптасуына кемінде 5–10 жыл қажет екені айтылады. Сарапшылардың пікірінше, Ұлытау үшін алдағы он жылдағы негізгі міндеттер:
Егер осы бағыттар жүзеге аспаса, Ұлытау облысы республикалық бюджетті сауын сиырға айналдырған «масыл» аймақтардың бірі болып қала береді. Ол енді, басқа тақырып...
Айғаным ДОСТАНБАЙ