Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қабылдануына байланысты жарияланған рақымшылық туралы заңды іске асыру жұмыстары тұрақты бақылауда, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, заң күшіне енген алғашқы күннен бастап барлық өңірлік бөлімшелерде құжаттарды дайындау, оларды соттарға жолдау және сот шешімдерінің орындалуын бақылау бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр.
«Заң күшіне енген алғашқы күннен бастап барлық аумақтық бөлімшелерде жүйелі жұмыс ұйымдастырылды. Біз күн сайын материалдардың уақытылы дайындалуын, олардың соттарға жолдануын және қабылданған сот шешімдерінің орындалуын бақылауда ұстаймыз. Бүгінгі таңда соттарға 10 мыңнан астам ұсыныс жолданды. Оның ішінде 4400-ге жуығы қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерімен, ал 6900-ден астамы пробация қызметтерімен дайындалған», – деді ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының бірінші орынбасары Нияз Рыспаев.
Қазіргі уақытта соттар мыңнан астам материалды қарап үлгерген. Соның нәтижесінде қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінен 620 адам босатылды. Олар бостандыққа шыққаннан кейін әкімшілік қадағалауда болады.
Сонымен қатар пробация қызметінің есебінде тұрған 724 азамат та жазасын өтеуден босатылды. Бұдан бөлек, 730-дан астам сотталғанның жаза мерзімі қысқартылған.
«Айта кету керек, қылмыстық рақымшылық автоматты түрде қолданылмайды. Әрбір сотталған бойынша материалдар жеке қаралып, түпкілікті шешімді тек сот қабылдайды», – деді ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының бірінші орынбасары Нияз Рыспаев.