homepage
depositphotos.com

Қазақстандықтардың зейнетақы қорында қанша қаражат жиналды

05.08.2026, 11:42

Қазақстанда зейнетақы жинағын тұрақты қалыптастыратын азаматтардың саны артып келеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының мәліметінше, бұл халықтың ұзақмерзімді қаржылық жоспарлауға деген жауапкершілігінің күшейгенін көрсетеді.

Жинақ көлемі 28 трлн теңгеден асты

2026 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша қазақстандықтардың БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинағы 28,09 трлн теңгеге жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 17 пайызға немесе 4,08 трлн теңгеге көп.

Қорда ашылған зейнетақы шоттарының саны да өсіп, 18,78 миллионға жеткен. Оның ішінде 12,8 млн-ы – жеке зейнетақы шоттары.

БЖЗҚ дерегіне сәйкес, осы жылдың алғашқы жартысында кемінде бір рет жарна түскен белсенді шот саны 7,34 млн-ға жеткен. Бұл жыл басымен салыстырғанда 150 мыңнан астам шотқа көп.

Ал міндетті зейнетақы жарнасын тұрақты төлейтін азаматтардың саны 6,93 млн-ға дейін артқан. Осы азаматтардың жинақ көлемі алты айда 20,1 трлн теңгеден 21,07 трлн теңгеге өсті.

Тұрақты жарна төлеу үрдісі күшейіп келеді

Қор мәліметінше, жарналарды тұрақты аудару көрсеткіші де жақсарып келеді. 2025 жылы жалдамалы қызметкерлердің 80 пайызы, ал өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың 64 пайызы жыл ішінде жарнаны 6-12 рет аударған.

БЖЗҚ мамандары жеткілікті зейнетақы қалыптастыру үшін жүйеге қатысу ұзақтығымен қатар, жарнаны тұрақты әрі толық көлемде төлеу маңызды екенін атап өтті.

Сонымен қатар қор азаматтарға өз зейнетақы шотының жай-күйін БЖЗҚ-ның мобильді қосымшасы, ресми сайты немесе өңірлік бөлімшелері арқылы кез келген уақытта тексеруге болатынын еске салды.