Шымкентте Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты кезекті сот отырысында Нұрайды алып қашып кеткен кезде келген тергеуші куәлік берді, деп хабарлайды Juzmedia.kz агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Оның айтуынша, Нұрай Шерхан Аймаханмен үш ай жүргенін айтқан. Алайда бұған дейін қыздың ағалары оның айыпталушымен қыз-жігіт болып кездеспегенін айтқан еді. Сондай-ақ сот отырысын екі тараптың ата-анасы жанжалдасып, ұрыспен өткізді.
Бұл жолғы сот ауыр өтті. Жалғыз қызынан айырылған ата-ана ішкі күйзелісін жасыра алмай, көзіне жас алды.
Экс-тергеуші Әбілғазы Артықбай сол күнгі жағдайдың бәрін есіне түсіре алмады. Бірақ «өз еркімен келді» деген қыздың бейнежазбасын іске тіркемеген. Тіпті кеудесіне таққан бейнежетон сол күні ғайыптан жұмыс істемей қалыпты.
— Үйде той болып жатты, той атмосферасы, адамдар көп, қуанышты көңіл күйде. Жедел уәкіл екеуміз бірге кіріп, қыздан мән-жайды сұрадық. Ол өзінің жігіті Шерхан екенін және соңғы үш айдан бері қыз-жігіт боп қарым-қатынаста болғанын айтты. «Өз еркіңізбен келдіңіз бе, қайдан келдіңіздер?» дегенде, «өз еркіммен, Алматыдан» деп жауап берді, – деді экс-тергеуші Әбілғазы Артықбай.
Нұрайдың өлімінен кейін бұл тергеуші ішкі істер органдарындағы қызметінен босатылған. Ал сотталушының әкесі Әлмахан Макенов пен Нұрайдың әкесі Бауыржан Сағымбек сотта сөзге келіп, жанжалдасып қалды.
Нұрайдың әкесі сотталушының әкесіне қызының қаза болуына дейін бірнеше рет ескерту жасағанын еске салды. Тіпті Шерхан марқұмның құрбыларына дейін қорқытқанын айтты. Сотталушының анасы мен барлық туысы Нұрайдың некеге қарсы болмағанын алға тартты.
— Алып қашу емес, келісіммен ғой.Үйге кірдім, «қыз қайда?» деп едім, әлі көз алдымнан кетпейді, шетте тұрған. Маған күліп қарап тұрды. Жарқын көңілмен. Біз қыздың көңілін, рұқсатын алуымыз керек шығар, қолхат жаздыру туралы идеям болды. Маған қыздың өзінің рұқсаты керек болды, – деді Шерхан Аймаханның әкесі Әлмахан Макенов.
Сотта Нұрайдың әкесі қарсы тарапқа бірнеше рет ескерткенін айтты. Шерхан Аймахан қызды ғана емес, құрбыларын да Инстаграм арқылы қорқытқан көрінеді. Ал сотталушының әкесі ескерту жасалса да, «бәрібір ештеңе жасай алмас едім» деп жауап берді.