Түркістан облысының 66 жастағы тұрғынына қатысты діни және әлеуметтік араздықты қоздыру белгілері бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында аталған азаматтың діни және әлеуметтік араздықты қоздыру белгілері бар жария мәлімдемелері қамтылған бейнежазба анықталған.
“Аталған дерек бойынша полиция қылмыстық іс қозғап, тергеу амалдарын бастады”, – делінген хабарламада.
ІІМ Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес, барлық азаматтың құқықтары мен бостандықтары жынысына, ұлтына, әлеуметтік жағдайына, дінге көзқарасына және өзге де белгілеріне қарамастан тең қорғалатынын еске салды. Сондай-ақ адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлауға, діни немесе әлеуметтік белгілері бойынша кемсітуге бағытталған жария үндеулерге және қоғамдық келісімге нұқсан келтіруі мүмкін әрекеттерге жол берілмейтінін атап өтті.
Министрлік сөз бостандығы заң алдындағы жауапкершіліктен босатпайтынын айтып, заң талаптарын бұзу белгілері бар кез келген жария мәлімдемеге құқықтық баға берілетінін мәлімдеді.
Даулы оқиға қалай басталды?
Бұған дейін әлеуметтік желілерде Түркістан облысында өткен тойдағы бейнежазба кеңінен тараған болатын. Онда тілек айтуға шыққан ер адам ән айтуды «харам» деп атап, әншілерді «шайтанның азаншысы» деп сипаттаған.
Бұл мәлімдемеге әнші Роза Әлқожа алғашқылардың бірі болып пікір білдіріп, өнер адамдарына қатысты айтылған сөздерді сынға алды.
Кейін Президент Әкімшілігі төрағасының бірінші орынбасары Ерлан Қарин қоғамда мәдениет пен дінді бір-біріне қарсы қою әрекеттеріне және әсіредіншіл көзқарастарға жол бермеу қажеттігін айтты.
Өз кезегінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да арнайы мәлімдеме жасап, ислам діні адамдарды даналықпен насихат айтуға, өзгені ауыр сөзбен айыптамауға және адамның ар-намысына құрметпен қарауға үндейтінін атап өтті. ҚМДБ өнер өкілдерін жалпылама айыптау мен әйелдерді кемсітетін сөздерді қолдануды дұрыс емес деп бағалады.