Президент Қасым-Жомарт Тоқаев телекөпір арқылы үш ірі автожол құрылысын бастап берді. Олар «Бейнеу – Сексеуіл», «Қызылорда – Сексеуіл» және «Ұлғайсын – Сексеуіл» бағыттары. Бұл жобалар Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттырып, елді Еуразиядағы негізгі көлік тораптарының біріне айналдыруға мүмкіндік бермек.
«Арал – Каспий» жаңа магистралі
Үшеуінің ішіндегі ең ауқымдысы – ұзындығы шамамен 800 шақырым болатын «Бейнеу – Сексеуіл» жаңа автожолы. Бұл бағыт Қытай шекарасынан шығатын жүк ағындарын Ақтау және Құрық теңіз порттарымен тікелей байланыстырады. Тоқаев жаңа жолды «Арал – Каспий магистралі» деп атауды ұсынды.
“Осы жол ел аймақтары арасындағы байланысты нығайта отырып, Қытай мен Еуропаны жалғайтын «алтын көпір» ретінде қызмет етеді. Халқымыздың таным-түсінігінде құдық қазу, көпір салу сауапты іс саналады. Осы тұрғыдан алып қарасақ, біз игілігі баршаға ортақ, яғни өзіміз де, өзгелер де пайдасын көретін аса жауапты жұмысты бастап отырмыз. «Бейнеу – Сексеуіл» бағыты республикалық, аймақтық, құрлықтық деңгейдегі маңызды жол болары анық. Сондықтан бұл жолды «Арал-Каспий магистралі» деп атаған дұрыс”, – деді Тоқаев.
Жоба іске қосылғаннан кейін:
774 шақырым жол жаңғыртылады
Сондай-ақ, бүгін «Қызылорда – Сексеуіл» және «Ұлғайсын – Сексеуіл» бағыттарындағы жалпы ұзындығы 774 шақырым болатын автомобиль жолдарын кеңейту және толық жаңғырту жұмыстары басталды.
“Бұл жобалар ел экономикасын өркендетуге, туризмді дамытуға тың серпін беріп, халықтың әл-ауқатын арттыруға септігін тигізері сөзсіз. Осындай жобалардың әрқайсысы тұтас Қазақстанның көлік жүйесімен үйлеседі. Бұған дейін негізінен солтүстіктен оңтүстікке тартылған көлік желілері енді шығыстан батысқа қарай бағытталған жаңа тармақтармен кеңейіп жатыр. Басты мақсат – елімізді Еуропа мен Азияны жалғастыратын жетекші логистикалық желінің біріне айналдыру”, – деді Тоқаев телекөпір барысында.
10 мың жұмыс орны және жүк тасымалының артуы
Президенттің мәліметінше, құрылыс кезеңінде 10 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылады.
Жолдар пайдалануға берілгеннен кейін:
Бұл өңірлер арасындағы логистиканы жеңілдетіп, кәсіпкерлік пен өндірістің дамуына да серпін береді.
“Бүгін бастау алып жатқан жұмысты уақтылы, яғни 2029 жылдан кешіктірмей аяқтау өте маңызды. Қажетті жағдайдың барлығы жасалып жатыр. Енді білек сыбана жұмысқа кірісу керек. Біз бір ел болып, бұл міндетті ойдағыдай жүзеге асырамыз. Мен бұған кәміл сенемін. Баршаңызға амандық, сәттілік және табыс тілеймін!” – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.