homepage
Фото: жИ арқылы жасалды

Қатқа айналған қант: елде өндіріс көлемі жеті есеге құлдырады

03.08.2026, 20:09

Қант дүкен сөрелерінде жеткілікті. Бірақ, оның басым бөлігі – сырттан келген өнім. 2022 жылғы қант дағдарысынан кейін Үкімет импортқа тәуелділікті азайтып, отандық өндірісті күшейтуге уәде берген еді. Алайда, төрт жылдан кейінгі нәтиже керісінше болып шықты: биыл алғашқы тоқсанда Қазақстандағы қант өндірісі жеті есеге құлдырап, нарықтың 92,9 пайызын импорт жауып отыр.

Әзірге дүкен сөрелерінде қант жеткілікті. Баға да күрт шарықтап кеткен жоқ. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылғы 8 шілдеде құмшекердің орташа бөлшек бағасы бір келісі 450 теңге болған. Бір жыл бұрын 430 теңгеге саудаланған еді. Яғни, бір жылдағы өсім – небәрі 20 теңге. Елдегі қант қоры 64 мың тоннаға жетіп, шамамен екі айлық сұранысты жабуға жеткілікті.

Бірақ, бұл көрсеткіштер мәселе жоқ дегенді білдірмейді. Өйткені нарықтағы тұрақтылықтың негізгі тірегі – отандық өндіріс емес, импорт.

2022 жылғы қант дағдарысы жұрттың әлі есінде. Сол кезде дүкен сөрелері бос қалып, жұрт қантқа кезекке тұрды, ал бағасы бір келісі 900 теңгеге дейін жетті. Құмшекер бір жылда 87,3 пайызға қымбаттап, азық-түлік қауіпсіздігі ұлттық деңгейдегі мәселеге айналды. Бұл мәселе 2022 жылғы 14 шілдеде өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында қозғалып, Президент сол кездегі сауда министрі Бақыт Сұлтанов пен ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевке сөгіс берген.

Үкімет мұндай жағдай енді қайталанбайды деп сендірді. Жоспары да ауқымды болатын. 2026 жылға қарай отандық қант қызылшасын өңдеу үлесін 7 пайыздан 43 пайызға жеткіземіз, егіс алқаптарын 38 мың гектарға дейін ұлғайтып, қант зауыттарын жаңғыртамыз деп желпінген. 

Арада төрт жыл өтті, жағдай жақсармағанына көзіміз жетіп отыр. 2022 жылы қант дағдарысынан кейін асығыс қабылданған амбициялы жоспар көп ұзамай қайта қаралды. Қызылша алқаптары қайта қысқарып, 2025 жылы 25 мың гектардан 17,8 мың гектарға дейін азайды. Өнім көлемі бір жылда 42,1 пайызға құлдырап, 734,7 мың тоннаны ғана құрады. Ал бүгін нарықтың 92,9 пайызын импорт қамтамасыз етіп отыр.

«Қазақстанның қант, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қауымдастығының» басшысы Айжан Наурызғалиеваның айтуынша, басты мәселе – мемлекеттің тұрақты саясатының жоқтығы.

«Кәсіпорындарды жаңғырту және маусымдық жұмысты қамтамасыз ету үшін қант зауыттары шамамен 50 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген қаржы бөлуді бірнеше рет көтерді. Ең бастысы – мемлекет тарапынан болжамды әрі тұрақты саясат қажет. Қант саласы бір маусымда дамымайды. Бұл – ұзақ жылдарға арналған тұрақты ойын қағидаларын талап ететін ұзақ мерзімді инвестиция», – дейді Айжан Наурызғалиева.

Қазақстандағы қант өндірісіне негізгі ауыр соққы – Ресейден келетін арзан өнім. Сала өкілдерінің айтуынша, ресми түрде жеткізілетін импорттан бөлек, «сұр импорттың» көлемі де жыл сайын өсіп келе жатыр. Осының салдарынан, Ресейден келетін қанттың нақты көлемін ешкім дәл есептеп отырған жоқ. Мәселен, бидай импортына қойылған шектеулерден кейін көптеген тасымалдаушылар орнына қант әкеле бастаған. Кейбір жүк құжат жүзінде Қырғызстанға бағытталған транзит ретінде рәсімделгенімен, іс жүзінде Қазақстан нарығында қалып қояды. Міне, осы көлеңкелі тасымал  отандық өндірушілерге теріс әсер етіп отыр. Өйткені арзан импорт олардың өнімін нарықтан ығыстырып шығарды.

Мысалы, Қазақстандық зауыттардағы қанттың өзіндік құны 440-470 теңге болса, Ресейден келген өнім кей өңірлерде 320-330 теңгеден сатылып жатыр. Мұндай жағдайда отандық кәсіпорындардың бәсекеге қабілетті болуы өте қиын. Нарықтың заңы сол – арзан өнім әрқашан жеңеді. Бірақ стратегиялық салаларда мемлекет тек бағаға ғана сүйенсе, бүгінгі арзан импорт ертең қымбат тәуелділікке айналуы мүмкін. 

Биыл қыркүйекте қызылша жинау науқаны басталады. Төрт отандық зауыт маусым соңына дейін 110–115 мың тонна қант өндіруді жоспарлап отыр. Алайда бұл көрсеткіштің өзі Қазақстанды импорттан толық құтқара алмайды.

«2025 жылдың қорытындысы бойынша ішкі тұтыну көлемі 600 мың тоннадан асты. Ал отандық кәсіпорындар шамамен 278 мың тонна қант өндірді. Оның 113 мың тоннаға жуығы қант қызылшасынан, ал 165 мың тоннаға жуығы импортталған шикі құрақ қантынан өндірілді. 2022 жылғы оқиғалар қант нарығының сыртқы шектеулер мен логистикалық іркілістерге қаншалықты тәуелді екенін көрсетті. Алайда, бұл саланың өзіндік ерекшелігі бар: қант қызылшасын егуден бастап дайын қант өндіруге дейін толық ауылшаруашылығы циклі өтеді. Ол дегеніміз, ауа райына, суармалы сумен қамтамасыз етілуіне және агротехнологиялардың тиімділігіне тікелей байланысты. Біз тіпті рекордтық өнім жинасақ та ол барлық мәселені толық шешуге кепіл бола алмайды», – дейді Айжан Наурызғалиева.  

Сарапшылардың пікірінше, қант мәселесі – ауыл шаруашылығының ғана емес, мемлекеттік жоспарлау сапасының көрсеткіші. Қазақстанда қант өндіруге жер де, суармалы алқаптарды кеңейтуге мүмкіндік те, жұмыс істеп тұрған зауыттар да бар. Сондықтан түйткіл табиғи ресурста емес. Негізгі мәселе – ұзақмерзімді әрі тұрақты мемлекеттік саясаттың жоқтығында. 

Ұлағат Бекболат