Грекияда 125 жылға сотталған қазақстандық Рашид Қадыровқа қатысты Сыртқы істер министрлігі мәлімдеме жасады. Министрліктің айтуынша, ол Грекия сотының шешімімен заңсыз мигранттарды тасымалдағаны үшін сотталған.
“Жергілікті заңнамаға сәйкес, бұл әрекет ауыр қылмыс санатына жатады. Грекиядағы қазақстандық дипломаттар өз құзыреті аясында азаматқа қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетіп жатыр. Бұл мәселе министрліктің бақылауында”, – деп хабарлады СІМ.
Алайда, министрлік шыққан үкімді өзгерте ала ма, жоқ па оған қатысты жауап берген жоқ.
Бұған дейін Ақтөбелік Нұрхан Қадырова министрліктен Грекия түрмесінде отырған ұлы Рашид Қадыровқа көмек көрсетуді сұраған. Әйелдің айтуынша, 24 жастағы ұлы Түркиядағы жұмыс туралы Instagram-дағы хабарландыруға сеніп, халықаралық қылмыстық схеманың құрбаны болған.