Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан 3,5 млрд теңгеден астам қаражатты заңсыз шығару фактілері бойынша 36 қылмыстық іс тергеліп жатыр. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі хабарлады.
Агенттік мәліметінше, тергеу барысында 140 мың азаматты медициналық ұйымдарға жалған тіркеу және көрсетілмеген медициналық қызметтер туралы жалған мәлімет енгізу деректері анықталған. Алдын ала есеп бойынша мемлекетке келтірілген шығын көлемі 3,5 млрд теңгеден асады.
Соның бірі, Түркістан облысындағы Жетісай көпсалалы аудандық ауруханасына қатысты. Аурухананың лауазымды тұлғалары МӘМС аясында бөлінген қаражатқа іс жүзінде ешқандай қызмет көрсетпеген әрі тауар жеткізбеген 20-дан астам жеке кәсіпкердің есепшотына аударып жіберген. Анықталғандай, кәсіпкерлердің медициналық мекемемен ешқандай келісімшарты болмаған. Олардың банктік деректемелері ақшаны заңсыз шығарып, кейін қолма-қол ақшаға айналдыру үшін пайдаланылған. Бұл іс бойынша мемлекетке келтірілген шығын 501 млн теңгеден асты. Қазір екі күдікті қамауға алынған.
Сондай-ақ Алматы облысында «Mydental.kz» ЖШС мен «Стоматология Dr. Nurzhanova» ЖШС клиникаларының басшысы стоматологиялық қызмет көрсету кезінде алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, мүлкі тәркіленіп, 4 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Тергеу барысында пациенттерге шын мәнінде ешқандай медициналық қызмет көрсетілмегені анықталды. Ал жалған құжаттарды рәсімдеу үшін дәрігерлердің тіркелгі жазбалары мен кәмелетке толмаған пациенттердің жеке деректері пайдаланылған.