Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі 2026 жылдың шілде айындағы мемлекеттік шекараны қорғау жұмыстарының қорытындысын жариялады. Ведомствоның мәліметінше, шілде айында құқық қорғау органдарымен бірлескен іс-шаралар барысында 4 975 адам Қазақстан заңнамасын бұзғаны үшін ұсталған. Олардың 4 346-сы – шетел азаматтары.
Бір ай ішінде жалпы құны 3,9 млрд теңгеге бағаланған 2 476 заңсыз тасымалдау әрекетінің жолы кесілді. Оның ішінде:
88 дерек – қару-жарақ пен оқ-дәрі контрабандасы (108 дана суық қару және 2 131 оқ-дәрі);
1 808 дерек – көлемі 150 тоннадан асатын жанар-жағармай материалдарын заңсыз өткізу (жалпы құны 33,4 млн теңге);
392 дерек – құны 1,3 млрд теңгеден асатын халық тұтынатын тауарлар;
149 дерек – шамамен 2,1 млрд теңге болатын шетел валютасын заңсыз алып өту әрекеті.
Сонымен қатар Каспий теңізі акваториясында 34 браконьерлік фактісі анықталды. Тексеру барысында 24,6 шақырым браконьерлік ау, сондай-ақ 103 дана бекіре тұқымдас балық (580 келі) тәркіленді. Алдын алынған экологиялық шығын 251 млн теңгеден асты.
ҰҚК Шекара қызметі өз құзыреті аясында 63 қылмыстық іс қозғап, сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.
Бұдан бөлек, 4 295 әкімшілік іс бойынша жалпы сомасы 38 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Қалған материалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін құқық қорғау және сот органдарына жолданды.