ОПЕК+ елдері қыркүйек айынан бастап мұнай өндіру көлемін кезең-кезеңімен ұлғайту туралы келісімге келді. Виртуалды форматта өткен кездесудің қорытындысы бойынша Қазақстан да өндіріс көлемін тәулігіне 10 мың баррельге арттырады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Ұйымның мәліметінше, Сауд Арабиясы, Ресей, Ирак, Кувейт, Қазақстан, Алжир және Оман мұнай өндіру көлемін жиынтық түрде тәулігіне 188 мың баррельге көбейтуге келісті. Бұл шешім 2023 жылдың сәуірінде қабылданған ерікті өндірістік шектеулер аясында жүзеге асырылады.
Қыркүйек айынан бастап Қазақстанның мұнай өндіру көлемі тәулігіне 1,628 млн баррельге дейін ұлғаяды.
Ең жоғары өсім Сауд Арабиясы мен Ресейге тиесілі – әрқайсысы өндірісті тәулігіне 62 мың баррельге арттырады. Ирак өндірісті 26 мың баррельге, Кувейт – 16 мыңға, Алжир – 6 мыңға, ал Оман – 5 мың баррельге көбейтеді.
ОПЕК+ бұл қадам мұнай нарығындағы тұрақтылықты сақтауға және қатысушы елдердің бұған дейінгі өндіріс көлемінен артық өндірілген мұнайды өтеу жөніндегі міндеттемелерін жедел орындауға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Еске салайық, шілде айының соңында Каспий құбыр консорциумының (КҚК) теңіз терминалы ауданында болған ұшқышсыз ұшу аппараттарының шабуылынан кейін Қазақстанда мұнай өндіру көлемі уақытша төмендеген болатын. Енді ОПЕК+ қабылдаған жаңа шешім аясында өндіріс көлемі қайта ұлғайтылмақ.
ОПЕК+ елдерінің келесі кездесуі 2026 жылғы 6 қыркүйекте өтеді.