homepage
China News Service via Getty Images

Қытайда алапат тасқыннан қаза тапқандар саны 25-ке жетті

02.08.2026, 12:41

Қытайдың солтүстік-батысындағы Ганьсу провинциясында болған жойқын су тасқынынан қаза тапқандар саны 25 адамға жетті. Тағы 23 адам түрлі жарақат алған, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Синьхуа агенттігінің хабарлауынша, табиғи апат өткен аптада нөсер жауыннан кейін басталған.

Қытайдың Табиғи апаттардың алдын алу және салдарын жою жөніндегі ұлттық комиссиясы өңір билігіне оқиғаның себептерін жан-жақты зерттеп, келтірілген шығынды бағалауды тапсырды.

Сонымен қатар елдің оңтүстік-батысындағы Сычуань провинциясында қолайсыз ауа райына байланысты 64 мыңнан астам адам қауіпсіз жерге көшірілді. Жалпы биылғы су тасқыны маусымы басталғалы Қытайда 881 мыңнан астам тұрғын үйлерін уақытша тастап шығуға мәжбүр болған.

Ганьсу билігі толассыз жауын-шашын салдарынан жаңа көшкіндердің жүру қаупі жоғары екенін ескертіп отыр. Әсіресе Динси өңірінде жағдай күрделі күйінде қалып отыр.

Қытайдың метеорологиялық қызметі елдің оңтүстік-батысынан солтүстік-шығысына дейінгі аумақта алдағы күндері қатты жаңбыр, найзағай және екпінді жел күтілетінін мәлімдеді.

Бұған қоса, Тынық мұхитының батыс бөлігінде қалыптасқан «Долфин» супертайфуны Шығыс Азияға қарай жылжып келеді. Мамандардың болжамынша, ол аптаның ортасында Қытайдың оңтүстік-шығыс жағалауына жетуі мүмкін.