Алматы қаласында Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері тыйым салынған заттарды таратпақ болды деген күдікпен кәмелетке толмаған қызды ұстады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Оқиға Медеу ауданында болған. Полицейлер тоқтатқан такси көлігінің ішінде үш кәмелетке толмаған қыз болған. Жедел мәліметке сәйкес, олардың бірі есірткіні арнайы жасырын орындарға қалдыру арқылы таратумен айналысқан. Қалған екі қыздың бұл әрекеттен хабардар болған-болмағаны және заңсыз іске қатысы бар-жоғы тергеу барысында анықталады.
Күдіктіні тінту кезінде түрлі түсті оқшаулағыш таспамен оралған бірнеше түйіншек тәркіленді. Алдын ала мәлімет бойынша, олардың ішінде өсімдік тектес заттар мен кристалл түріндегі синтетикалық есірткі болған.
Кәмелетке толмаған қыздың айтуынша, ол тыйым салынған заттарды арнайы жасырын орындарға қалдырып отырған.
Қазір полицейлер жасөспірімді қылмыстық әрекетке кімнің тартқанын, заңсыз схеманың қалай ұйымдастырылғанын және оның мұндай жолмен ақша табуға не себепті келіскенін анықтап жатыр. Сондай-ақ тергеу барысында қыздың тәрбиелену жағдайына, ата-анасының және жақын ортасының ықпалына да баға беріледі.
Алматы полициясы есірткі қылмысының жасқа қарамайтынын ескертіп, оңай ақша табуға ұмтылу кәмелетке толмай жатып-ақ адамның болашағына үлкен қауіп төндіретінін атап өтті.