Шымкентте қаза тапқан 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты сот отырысында істің жаңа мән-жайлары жария болды, деп хабарлайды Juzmedia.kz агенттігі OTYRAR телеарнасына сілтеме жасап.
Алдыңғы сот отырысында айыпталушы Шерхан Аймахан Нұрайдың өзін өзі пышақтағанын мәлімдеген еді. Алайда сот барысында бұл нұсқаға күмән келтіретін деректер айтылды.
Судья Саммидин Теміралиев істегі материалдарды оқып, айыпталушының ұсталғаннан кейін кінәсін мойындап, оқиғаның қалай болғанын егжей-тегжейлі баяндағанын еске салды.
– «Нұрайды пышақтағаннан кейін сол пышақпен өзіме қол жұмсамақ болдым. Өзімді аздап жараладым, бірақ батылым жетпеді. Кейін Нұрайға жасаған ісіме өкініп, өзіме пышақ сұқтым деп айтқансыз. Ол кезде болған оқиғаның бәрін есіңізде сақтағаныңызды мәлімдегенсіз. Енді мұны сотқа қалай түсіндіресіз?» – деді судья.
Сотта сөйлеген куәгер Индира Беркінбаева да айыпталушының бұрынғы жауабын жоққа шығаратын мәліметтер келтірді. Оның айтуынша, жұмыстан қайтып келе жатқанда қыздың жан даусын естіп, қолында ұзындығы шамамен 15–20 сантиметр болатын пышағы бар ер адамды көрген.
Куәгердің айтуынша, ол ер адам қыз жатқан жерге жүгіріп барып, оған тағы екі-үш рет пышақ сұққан. Ал сол сәтте айыпталушының өз денесінен ешқандай жарақат байқалмаған.
Куәгердің жауабы марқұмның жақындарына ауыр тиді. Нұрайдың ата-анасы көз жасына ерік берсе, ағасы Сұлтан Серікбай мәйітханада қарындасын алғашында тани алмағанын айтты.
– «Денесінде сау жер қалмаған еді. Пышақ жаңа күртешесін де тесіп өткен. Мойны да жараланған, жүзі адам танымастай болған. Оны ойыншықты тілгілегендей етіп жарақаттаған. Сол кезде көз жасымды тыя алмадым», – деді ол.
Еске салайық, Шерхан Аймахан Нұрай Серікбайды аңдыды, оны еркінен тыс алып кетті және аса қатыгездікпен өлтірді деген айыппен сот алдында жауап беріп жатыр.
Тергеу нұсқасына сәйкес, биыл 11 қаңтарда Шымкентте айыпталушы 21 жастағы Нұрай Серікбайға бірнеше рет пышақ жарақатын салып, оқиға орнынан бой тасалаған.