Петропавл қаласының соты өзін түрлі күштік құрылымдардың қызметкері ретінде таныстырып, адамдарды алдаған азаматқа үкім шығарды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Halyqstan телеграм арнасының жазуынша, әс материалдарына сәйкес, 31 жастағы Дамир Амангелдиев өзін бірде Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің қызметкері, бірде есірткі қылмысына қарсы күрес бөлімінің өкілі, енді бірде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің майоры ретінде таныстырған. Алайда оның аталған органдардың ешқайсында қызмет етпегені анықталған.
Ол қызметтік байланыстары барын айтып, түрлі мәселелерді ақшаға шешіп беремін деп адамдардан қаражат алған.
Жәбірленушілердің бірі – Петропавл тұрғыны. Күдікті оған жүргізуші куәлігін еш қиындықсыз рәсімдеп беремін деп уәде беріп, 80 мың теңге алған. Басқа адамдардан алған сомалар 150 мың теңгеге дейін жеткен.
Сондай-ақ ол TikTok арқылы танысқан әйелдің сеніміне кіріп, науқас анасы, баласы және қызметтік қиындықтары туралы айтып, ақша сұраған. Әйел оған ақша аударып қана қоймай, алтын әшекейлерін де берген. Кейін күдікті оларды ломбардқа өткізген. Келтірілген жалпы шығын шамамен 700 мың теңгені құрады.
Сотта айыпталушы кінәсін толық мойындап, өкінетінін айтқан. Алайда қылмысты пробациялық бақылауда жүрген кезінде жасағаны ескеріліп, оған 4 жыл 8 ай мерзімге қауіпсіздігі жоғары қылмыстық-атқару мекемесінде бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Сонымен қатар сот оны жәбірленушілердің біріне 620 мың теңгеге жуық материалдық шығынды өтеуге міндеттеді.
Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.