Қазақстанда қаржы ұйымдарының клиенттермен жұмыс істеу тәртібі өзгереді. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жауапты несие беру қағидаларын күшейтіп, банктер мен микроқаржы ұйымдарына жаңа талаптар енгізіп жатыр, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Агенттік төрағасының бірінші орынбасары Тимур Әбілқасымовтың айтуынша, басты мақсат – азаматтарды қажетсіз қарызға батырмау және қосымша ақылы қызметтердің күштеп таңылуына жол бермеу.
«Қаржы ұйымдарының бизнесі азаматтардың салғырттығына негізделмеуі керек. Несие беруші тек қарыз ұсынып қана қоймай, оның адамның қаржылық жағдайына қалай әсер ететінін де ескеруі тиіс», – деді Тимур Әбілқасымов.
Банктерге қандай жаңа талаптар қойылады?
Жаңа талаптарға сәйкес:
Егер қарыз алушы сақтандыруды асығыс рәсімдеген болса, заң бойынша 14 күн ішінде одан бас тартып, төленген қаражаттың бір бөлігін қайтарып ала алады.
Менеджерлердің сыйақы жүйесі де өзгереді
Агенттік қаржы ұйымдарының қызметкерлерін марапаттау жүйесін қайта қарауды талап етеді.
Бұдан былай менеджерлердің сыйақысы тек қанша несие немесе сақтандыру сатқанымен ғана емес, қызмет көрсету сапасы мен клиенттердің шағымдарына да байланысты болады.
«Қызметкердің бонусы қажет емес өнімді сатуға немесе несие құнын жасыруға ынталандырмауы тиіс. Біз мәжбүрлеп қызмет сатуды экономикалық тұрғыдан тиімсіз еткіміз келеді», – деді Тимур Әбілқасымов.
Ұзақмерзімді несиеге де талап күшейеді
Агенттік несие мерзімі сатып алынатын тауардың пайдалану мерзіміне сай болуы қажет екенін атап өтті.
Мысалы, тұрғын үй немесе автокөлік үшін ұзақ мерзімді несие беру қалыпты тәжірибе саналса, смартфон немесе қысқамерзімді демалыс үшін бірнеше жылға қарыз рәсімдеу жауапсыз кредиттеу ретінде бағалануы мүмкін.
Жаңа құжат әзірленді
Осы мақсатта Агенттік қаржы ұйымдарына арналған арнайы Нұсқаулық дайындады.
Құжатта адал қызмет көрсету стандарттары, клиентке ақпаратты ашық ұсыну, өтініштерді қарау тәртібі және цифрлық сервистердегі манипуляциялық тәсілдерге жол бермеу талаптары көрсетілген.
Реттеуші бұл әзірге ұсынымдық құжат болғанымен, қаржы ұйымдарының оны қалай орындап жатқанын тұрақты бақылап, қажет болған жағдайда қосымша міндетті талаптар енгізетінін мәлімдеді.