Ақтөбенің 24 жастағы тұрғыны Түркияға жұмыс іздеп барып, кейін Грекияда заңсыз мигранттарды тасымалдады деген айыппен 125 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар оған шамамен 1 млрд теңге көлемінде айыппұл салынған, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Aktobetimes.kz жазуынша, бұл туралы сотталған жігіттің анасы Нұрхан Қадырова мәлімдеген.
Оның айтуынша, ұлы Instagram желісінен Түркияда жұмыс ұсынған хабарландыруды көрген. Жұмыс берушілер ұшақ билетін төлеп, туристерді моторлы қайықпен серуендететін қызмет ұсынған.
Алайда Түркияға барған соң, жігіттің заңсыз мигранттарды Грекияға тасымалдауға тартылғаны белгілі болған. Көп ұзамай ол Грекия аумағында ұсталып, қылмыстық жауапкершілікке тартылған.
Анасының сөзінше, ұлы адам тасымалын ұйымдастырмаған, тек өзіне нұсқау берген үйлестірушінің тапсырмаларын орындаған.
«Оны жай ғана пайдаланып кеткен деп есептеймін», – дейді Нұрхан Қадырова.
Сондай-ақ әйел сот процесі кезінде ұлына аудармашы берілмегенін айтады. Соның салдарынан ол құжаттардың мазмұнын толық түсінбей қол қойған.
Қазір қазақстандық Грекия түрмесінде екі жылға жуық уақыт отыр. Отбасы онымен сирек хабарласып, азық-түлік пен күнделікті қажетті заттарға ақша жіберіп тұрады.
Жігіттің анасында сақталған хаттардың бірінде ол:
«Анашым, мұнда барлық елдің азаматы отыр. Мұнда әділдік жоқ», – деп жазған.
Алда бұл іс бойынша тағы бір сот отырысы өтеді. Нұрхан Қадырова Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінен ұлының құқықтарының қорғалуына көмектесіп, іске араласуды сұрады.
Айта кетейік, соңғы жылдары әлеуметтік желілерде шетелде жоғары жалақы ұсынатын жалған жұмыс хабарландырулары көбейген.
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі мен құқық қорғау органдары азаматтарды жұмысқа орналасар алдында жұмыс берушінің заңдылығын мұқият тексеруге және күмәнді ұсыныстарға сенбеуге шақырып келеді.