homepage
Каспий құбыр консорциумы

Мұнай экспортына қауіп бар ма: министрлік КҚК жұмысына қатысты мәлімдеме жасады

01.08.2026, 12:38

Қазақстанның Энергетика министрлігі Каспий құбыр консорциумының (КҚК) жұмысы толық тоқтайды деген ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Ведомствоның мәліметінше, бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында тараған мұндай ақпарат шындыққа жанаспайды және КҚК қызметін толық тоқтату мәселесі қарастырылып жатқан жоқ.

Министрліктің хабарлауынша, 31 шілдеде Каспий құбыр консорциумының мұнай құбырының жұмысы уақытша тоқтатылған.

Соған қарамастан, жүк жөнелтушілерден мұнай қабылдау және резервуарларға жинақтау жұмыстары үздіксіз жүргізіліп жатыр.

“1 тамыздан бастап мұнай қабылдау көлемі тәулігіне 100 мың тоннаны құрайды. Мұнайды тасымалдау көлемін одан әрі ұлғайту теңіз терминалында танкерлердің тиеуге уақтылы қойылуына байланысты болады”, – делінген Энергетика министрлігінің хабарламасында.

Энергетика министрлігі қазіргі таңда КҚК және мұнай жөнелтуші компаниялармен тұрақты байланыста екенін, жағдай толық бақылауда тұрғанын мәлімдеді.

КҚК не үшін маңызды?

Каспий құбыр консорциумы – Қазақстан мұнайын экспортқа шығаратын негізгі бағыттардың бірі. Бұл құбыр арқылы елдің мұнай экспортының басым бөлігі, соның ішінде Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ кен орындарында өндірілген мұнай Ресейдің Новороссийск портындағы теңіз терминалы арқылы әлемдік нарыққа жөнелтіледі.

Еске салайық, 30 шілдеде Каспий құбыр консорциумы теңіз терминалы акваториясында мұнай тиеп тұрған Маршалл аралдарының туы астындағы Niffos Sifnos танкеріне шабуыл жасалғанын мәлімдеп, оны террористік әрекет деп бағалаған болатын.

Кеме «Теңізшевройл» компаниясының мұнайын тиеп жатқан. Осы оқиғадан кейін қауіпсіздік мақсатында КҚК терминалындағы жұмыстар уақытша шектеліп, мұнай тасымалдау көлемі қысқартылған еді. Кейін терминалдағы операциялар біртіндеп қайта жанданып, мұнай қабылдау мен экспорт кезең-кезеңімен қалпына келтіріле бастады.