homepage
Ақорданың баспасөз қызметі

Тоқаев Қостанай жұртына үндеу жолдады

01.08.2026, 11:45

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанай облысының құрылғанына 90 жыл толуына арналған салтанатты іс-шараға қатысушыларға құттықтау жолдады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Президент құттықтауында Қостанайды ырысы мол, ынтымағы жарасқан қасиетті өлке деп атап, өңірдің осы жылдар ішінде еліміздің басты астықты аймақтарының біріне айналғанын айтты. Сондай-ақ облыстың береке-бірлік пен қоғамдық келісімнің үлгісі екенін ерекше атап өтті.

Мемлекет басшысы Қостанай өңірінің ел тарихындағы орны айрықша екенін айтып, бұл өңірден ағартушы Ыбырай Алтынсарин, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы және жазушы Бейімбет Майлин секілді көрнекті тұлғалардың шыққанын еске салды. Олардың ұлт руханиятының дамуына өлшеусіз үлес қосқанын атап өтті.

Президенттің айтуынша, бүгінде Қостанай облысының экономикасы қарқынды дамып келеді. Өңір тұрғындарының еңбегінің арқасында жаңа жобалар жүзеге асып, аймақ тұрақты даму жолына түскен.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанай халқының республикалық референдумға белсенді қатысып, жаңа Конституцияны қолдағанын азаматтық жауапкершіліктің және ауызбіршіліктің көрінісі ретінде бағалады.

Сөз соңында Мемлекет басшысы өңірдің өркендеуіне үлес қосып жүрген азаматтарға алғыс айтып, олар алдағы уақытта да Заң мен Тәртіп қағидатына негізделген Әділетті Қазақстанды құру ісіне белсене атсалысатынына сенім білдірді.

Президент қостанайлықтарға зор денсаулық, бақ-береке тілеп, Тобыл-Торғай өңірінің одан әрі гүлдене беруіне тілектестік білдірді.