Қазақстан Ішкі істер министрлігі 65 жастан асқан жүргізушілерге міндетті медициналық тексеру туралы тараған ақпаратқа қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Ведомствоның ресми өкілі Шыңғыс Әлекешевтің айтуынша, егде жастағы жүргізушілердің міндетті медициналық тексеруден өту талабы жаңа емес. Бұл норма елімізде 2014 жылдан бері қолданыста.
Алайда 2026 жылғы 25 тамыздан бастап медициналық тексеруден уақытында өтпеген жүргізушілердің куәлігінің күші автоматты түрде уақытша тоқтатылады. Бұл жүргізуші куәлігінен айыру емес.
Сонымен қатар 65 жасқа толған азаматтарға бірден медициналық тексеруден өту қажет емес. Алғашқы тексеруден олар 67 жасқа дейін өтуі тиіс. Бұдан кейін медициналық тексеру әр екі жыл сайын – 69, 71 жасында және ары қарай жалғасады. Медициналық анықтаманың жарамдылық мерзімі де екі жыл.
ІІМ заңнамада медициналық тексеруден кеш өткені үшін жеке айыппұл қарастырылмағанын атап өтті. Егер жүргізуші тексеруден өтіп, анықтама алса, жүргізуші куәлігінің күші автоматты түрде қайта қалпына келеді.
Медициналық тексеруден мемлекеттік емханада да, лицензиясы бар жеке клиникада да тұрғылықты жеріне қарамастан өтуге болады.
Сондай-ақ министрлік алғашқы кезеңде патрульдік полиция қызметкерлері жүргізушілерге жаңа тәртіпті түсіндіріп, негізінен ескерту жасайтынын жеткізді.
ІІМ азаматтарды әлеуметтік желілердегі жалған ақпаратқа сенбеуге және емханаларда негізсіз кезек тудырмауға шақырды.