Қазақстанда тамыз айында ауа райы күрт құбылады. Елдің бір бөлігінде аптап ыстық +44 градусқа дейін жетсе, енді бір өңірде нөсер жаңбыр жауып, найзағай ойнап, жел күшейіп, бұршақ түсуі мүмкін, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
«Қазгидрометтің» болжамынша, тамыздың алғашқы онкүндігінде еліміздің басым бөлігінде ауа райы құбылмалы болады. Белсенді циклон әсерінен жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, кей жерлерде бұршақ түсіп, жел екпіні күшейеді. Солтүстік, орталық, шығыс өңірлерде және оңтүстік-шығыстың таулы аймақтарында қатты жауын-шашын күтіледі.
Ал батыс пен орталық өңірлерде алғашқы онкүндіктің ортасына қарай жауын-шашын уақытша тоқтайды.
Ең жоғары температура Маңғыстау облысында тіркелмек. Мұнда күндіз ауа температурасы +39…+44 градусқа дейін көтеріледі. Атырау облысының оңтүстігінде де аптап ыстық болып, сынап бағаны +41 градусқа жетуі мүмкін.
Солтүстік өңірлерде алғашқы ыстықтан кейін ауа температурасы +20…+28 градусқа дейін төмендейді. Алайда онкүндіктің соңына қарай қайтадан +30…+38 градусқа дейін көтеріледі.
Оңтүстік өңірлерде де ыстық біршама бәсеңдеп, ауа температурасы +29…+36 градус шамасында болады. Ал орталық пен шығыста ауа райы жиі құбылып, +41 градустық ыстық кейін +22…+31 градусқа дейін төмендейді.
Оңтүстік-шығыста күндізгі температура +27…+39 градус аралығында болса, Жамбыл облысының кей жерлерінде +42 градусқа дейін жетеді.
Синоптиктер мәліметінше, тамыздың екінші және үшінші онкүндіктерінде аптап ыстық біртіндеп бәсеңдей бастайды.
Елдің солтүстігінде түнгі температура +3…+8 градусқа дейін төмендеуі мүмкін.
Ал батыс пен оңтүстік өңірлерде ай соңына дейін ыстық ауа райы сақталып, күндіз +25…+42 градус болады.