Жасанды интеллект өміріміздің барлық саласына дендеп енді. Соның бірі – әдебиет. Осы қарқынмен кете берсе, жасанды интеллект романдарды өзі жазып, баспаға ұсына беретін болар. Ал, 2040 жылы ЖИ әдеби туындыны адамнан да жақсырақ жазатын деңгейге жетуі мүмкін дейді мамандар…
2024 жылы жапон жазушысы Риэ Кудан «Токиодағы есіркейтін мұнара» («Токийская башня сочуствия») атты футурологиялық романы үшін Акутагава атындағы беделді сыйлықты иеленді. Автор сыйлықты тапсыру салтанатында романның 5 пайызын ChatGPT чат-ботының көмегімен жазғанын мойындады. Бұл аз десеңіз, Google Play-де ЖИ-ді қолданатын жазушыларға арналған Sudowrite деген қосымша бар. Ол ағылшын тілінде прозалық шығарма жазамын десеңіз көмекке келеді: қарапайым оқиғаны жазып береді, идеяларды генерациялап, шығармашылық дағдарыстан алып шығады. Оған Э. Хемингуэйдің стиліндегі бір шығарма жазып берші деп команда берсең, көп қиналмайды. Шағын оқиға, түсінікті мәтін жазу да оған ешбір қиындық туғызбайды. Бір ескеретін нәрсе, жазушы өз шығармасының белгілі бір бөлігі ЖИ-дің көмегімен жазылғанын оқырманға хабарлап отыруға міндетті, осындай этикалық норма бар.
ЖИ жазған кітапты сатпаймыз
АҚШ-тағы Hachette Book Group атты ірі баспа «Ұялшақ қыз» атты қорқынышты оқиғалар туралы романды басып шығарудан бас тартты. Оған интернеттегі кітап авторы Миа Баллардты шығарманы ЖИ-ге жаздырды деп айыптаған оқырмандардың наразылығы себеп болған. The New York Times басылымы жазғандай, жазушылардың шығармашылық құқығын және әдебиеттегі шынайылықты қорғау үшін баспа аталған кітаптың Amazon-дағы сатылымын тоқтатып, Hachette сайтынан өшіріп тастаған. Кәсіпорын кітапты Ұлыбританиядағы баспадан шығару жөніндегі келісімнің (өткен жылы 1800 дана таралыммен шыққан) де күшін жойды. Ал туындының авторы өзінің ЖИ-ді қолданғаны туралы ақпаратты теріске шығарды. Миа Баллард:
«Менің жалдап алған танысым романның кейбір баспадан шыққан бөлімдерін редакциялау барысында ЖИ-дің көмегіне жүгінген. Бұл оқиға өмірімді өзгертіп жіберді. Өзім жасамаған нәрседен ар-намысыма нұқсан келді» деп жазды жазушы.
Баспаның романды басып шығарудан бас тартуы кітап баспа саласындағы жаңа проблеманы туғызды. Дәстүрлі баспалар хитке айналған (танымал болған) автор өз еркімен жазған шығармаларды көбейтіп таратуды құп көреді. Әсіресе, жанрлық әдебиетте ЖИ-дің көмегімен әзірленген мәтіндер мен суреттерге қатысты қатаң ұстанымды қалайды, олар баспалық келісім-шартта автордан өз туындысының түпнұсқалығын растауды талап етеді. Өйткен себебі, оқырмандар мен көптеген жазушылар цифрлық технологияны мәтін жазуға қолдануға ерекше қарсылық танытып жүр, олар бұл әрекетті оқырманды алдау және ұрлықтың бір формасы деп қарастырады. Оқырмандардың дені ЖИ жазған кітаттарда шаблондық және сөздің мағынасын мүлдем өзгертіп жіберетін метафоралар, сондай-ақ қайталана беретін сөз тіркестері көптеп кездесетінін бақылап, көріп отыр.
Наразылық неден шықты?
Биыл наурызда бірнеше мыңдаған жазушылар ЖИ-дің өз шығармаларын пайдалануына қарсылық білдіріп, іші бос кітапты басып шығарды. Ол кітапта ешқандай мәтін жоқ, бірақ авторлары бар. The Guardian басылымы жазғандай, «Бұл кітапты ұрламаңдар» («Don’t Steal This Book») деп аталатын туындының жалғыз ғана мазмұны – оның авторлары, олардың қатарында Нобель сыйлығының лауреаты Кадзуо Исигуро және Филипп Грегори, Ричард Осман, Мик Херрон, Мариан Кейс, Дэвид Олусога, Мэлори Блэкман және т.б. жазушылар бар. Наурыз айында Лондонда өткен халықарылық кітап жәрмеңкесінде осы шығарманы қолына алған оқырмандар таң-тамаша болғаны рас. Олар кітаптың артқы мұқабасында үлкен қара әріптермен жазылған: «Ұлыбритания Үкіметі жасанды интеллектпен айналысатын компаниялардың мүддесіне сай кітап ұрлығын заңдастырмауы керек» деген жазуды оқыды.
Айтпақшы, «Бұл кітапты ұрламаңдар» Ұлыбритания Үкіметінің авторлық құқық туралы заңға ұсынылған өзгерістерге қатысты экономикалық байыптамасы жарияланған күннен бір апта бұрын жарыққа шықты. Бұл жобаның авторы – суретшілердің авторлық құқықтарын қорғаумен есімі мәлім болған Эд Ньютон-Рекс болатын. Ол The Guardian-ға берген сұхбатында жасанды интеллект индустриясы рұқсатсыз және ақысыз қолданылатын шығармаларды ұрлау негізінде құрылғанын қадап айтты.
«Бұл – құрбаны жоқ қылмыс іспетті. Өйткені, ЖИ адамдардың көмегімен жазуды үйреніп, кейін сол адамдарға қиянат жасап, әділетсіз бәсекеге түседі. Үкімет шығармашылықпен айналысатын мамандық иелерін қорғауға және ЖИ-ді қолданатын компаниялардың ұрлығын заңдастырудан бас тартуы тиіс» деді ол.
Тойымсыздықтың шегі бар ма?
Жуырда Германиядағы ЖИ-мен жұмыс істейтін компаниялар көне кітаптарды бума-бумасымен сатып алып жатқаны мәлім болды. Сөйтсе олар кітаптарды тілдік модельдер мен чат-боттарын үйретуге пайдаланады екен. Мұндай жағдайдан кейін сирек антикварлық кітаптарды сататын дүкендердегі сұраныс күрт артқан. Бұл құбылысқа бей-жай қарамаған неміс антикварлары мәселені тақырыптық форумдарда ашық талқылап жатыр. Себебі, кейбір тапсырыстардың көлемі кітап дүкенінің жылдық табысымен пара-пар болып шыққан. Тағы бір таң қаларлығы, көп жағдайларда сұраныс ұзақ жылдар бойы ешкім қызықпаған кітаптарға түсіпті. Оларды Zoom Books канада-америкалық компаниясы сатып алған.
Саудада ең көп өтіп жатқаны романдар емес, ғылыми-танымдық және академиялық кітаптар. Бұл үрдісті SRF швейцарлық медиакомпаниясының мамандары былай түсіндірді: «Жасанды интеллект технологиясын дайындайтындар аймақ тарихы, лингвистика, құқықтану, экономика және басқа салалар бойынша интернетте жоқ ақпараттарды масқсатты түрде іздеп отыр». Неміс антикварларының айтуынша, көбінесе 1970 жылдары және одан ертеректе шыққан кітаптарға сұраныс жоғары. Олардың бәрі авторлық құқықпен қорғалған. Сондай-ақ, ерте кезеңдегі неміс тіліндегі әдебиеттер цифрлық форматта кез-келген адамға қолжетімді, ол кітаптарды Германиядағы және өзге Еуропа елдеріндегі кітапханалардан тауып алуға болады.
Қаңтар айында Washington Post газеті ЖИ-дің интернетте қолжетімділікте тұрған мәтіндік материалдардың барлығын өңдеп алғаны жөнінде мақала жариялады. Сол мақалада айтылғандай, түпнұсқаға ұқсамаймын дүниелер ғана өңделмей қалды. Сол себептен Anthropic америкалық технологиялық компаниясы «Панама» атты құпия жобаның аясында өзінің ЖИ-модельдерін оқыту үшін миллиондаған баспа кітаптарды сатып алып, сканерледі. Көшіру процесін жеделдету үшін кітаптардың түптемесін кескен, ал бұл құнды шығарманың толық жойылуына әкеледі. Азулы басылымдағы осы мақаладан кейін қоғам америкалық компанияны авторлық құқықты өрескел бұзды деп айыптады. Алайда, Anthropic қоғамның шағымын бейбіт жолмен реттеу мақсатында 1,5 млрд. АҚШ долларын төлеуге келісім берді.
Берлиндегі кітап дүкенінің қожайыны Урбан Церфас көне кітаптарға деген сұраныстың күрт өсуін жақсылыққа баламайды.
«Тойымсыздықтың шегі бар ма? ЖИ-мен табыс табуға жанталасып жатқан компаниялар интернеттегі деректердің бәрін өңдеп тауысып, баспа өнімдерге ауыз сала бастады. Олар дүкеннен сатып алған кітаптарды цифрлап көшіріп алып, жойып жібереді. Қаншама құнды экземплярлар осылай жоғалады. Бұған көз жұмып қарасақ, қыруар мәдени мұрадан айрыламыз. Үкіметті және Неміс кітап саудасы және саясаткерлерінің биржалық одағын осы мәселеге назар аударуға, әділ шешім қабылдауға шақырамыз. Себебі, бұл жерде авторлық құқық та бұзылып отыр» дейді ол.
АҚШ сияқты алпауыт елдің авторлық құқық туралы заңнамасында ЖИ-ді әдебиетке қолдануға қатысты бір амал бар екен. Цифрлық мәтіндерді көшіріп, интернетке шығарғандар түпнұсқа кітаптың авторына келтірген зияны үшін төлемақы төлейді. Алайда, ЖИ технологиясын әзірлейтін компаниялар кітаптардың түпнұсқасын сатып алып, кейін оны интернетте жарияласа олардың қызметі «адал пайдалану» қағидаты бойынша қорғалады. Тіпті, кітаптарды цифрландыру процесінде баспа өнімдер жойылса да осы қағидат сақталады. Бір өкініштісі, осы ұстаным авторлық құқықпен қорғалған материалдарды құқық иеленушінің рұқсатынсыз пайдалануға мүмкіндік береді. Тек оған мынадай талап қойылады; шығарма қоғамдық білім беру және интеллектуалдық шығармашылықты ынталандыру мақсатында қолданылуы тиіс. Көне кітаптарды жоюға қатысты мәселе бір күні бізге де келері анық. Бірақ соған дайынбыз ба?
Шекараны қай жерден бөлеміз?
Шығарманы жазатын адам мен ЖИ құралының арасындағы шекараны анықтау күн сайын қиындап барады. Егер бір мәтін бірнеше секундта дайын болса, ал алгоритм жазушының стилін айнытпай шығарса, расында да қайсысы авторы екенін табу қиын. Мұндай дилеммалар ғылыми жаңалық ашу мен патентт қорғау саласында да бар. Әзірше ешкім жауабын таппаған сауал: ЖИ-дің жұмысын адамның шығармашылық еңбегімен бірдей қарастыруға бола ма? Өйткені, жасанды интеллекттің қарқынды дамуы бұл шекараның ауқымын өзгертіп, жаңа тәуекел аймақтарын құрды. Адамның қолымен жазылған романды генерациялық жүйелер де дәлме-дәл өңдеп, бір-біріне ұқсас дүние шығаруы мүмкін. Алайда, бұл жерде авторлық құқықтың бұзылуы бірінші орында тұр.
Бұрын-соңды әдебиетке мұндай соққы жасалған жоқ. ЖИ бұрын бар контентті өзгертіп, өте ауқымды ақпараттар тасқынына қосып жатыр. Ал жазушының шығармашылық еркіндігі мен авторлық құқығы деген мәселелер технологиялық төңкерістің ағынына төтеп бере алар емес. Соның нәтижесінде контентті жасау әдебі мен қағидаты тұтастай өзгерді.
Қазір автоматты түрде генерацияланатын контенттің көптігі соншалық, баспа кітап өндірісіне қауіп төндіре бастады. 23 сәуірде әлем еледрі атап өткен Дүниежүзілік кітап күні мен Дүниежүзілік авторлық құқықты қорғау күні мамандар осы мәселеге бас қатырды. Әлбетте, адам баласының ой-пайымы, сезім-түйсігімен жазылған шығармалар әдеби-көркем дүние деп танылады. Ал жасанды интеллект дайындап берген мәтіннің авторы жоқ, яғни, ол ЖИ өнімі. Ендеше, ЖИ жасаған өнімдерді бір санатқа бөліп, бөлек қарастыруымыз қажет.
Менің ойымша, жасанды интеллект шынайы әдебиетті жасай алмайды. Ол өзіне дейін жазылған, басылып шыққан, оқырманға таныс оқиғаларды сәл басқаша етіп жазып беруі мүмкін. Өзіне керекті мәтінге ең қажетті нұсқасын шатаспай таңдай алады. Өйткені, ол өте ауқымды деректерді жинап, сүзіп, салыстыруға келгенде алдына жан салмайды. Алайда сол мәтін әдемі, әсерлі болып көрінсе де, адамның шығармашылық қабілетімен жазғанынан артық болып шықпайды.
Жазушылар қауымы шынайы әдебиеттің қалай жазылатынын жақсы біледі. Кез-келген шығарма жазу техникасы мен жазу тілінің деңгейінде тереңдікпен, азаппен дүниеге келеді. Демек ол жаңылатын жерінде оңбай жаңылады. Оқырманның көңілін қалдыруы да мүмкін. Ал ЖИ ешқашан жаңылмайды, себебі ол машина. Ол мәтіннің бірде-бір жерін артық не кем қылмайды. Бірақ әр оқырман сол шығарманы оқып отырып, қай жерінде жасандылық бар, қай жерінде шынайылық бар екенін жазбай таниды.
Төлен ТІЛЕУБАЙ