Геннадий Головкин жетекшілік ететін World Boxing халықаралық федерациясы Ресей боксшыларына қатысты бұрын енгізілген шектеулерді алып тастады. Бұл шешім Глазгода өткен атқарушы комитеттің отырысында қабылданған. Жаңа тәртіпке сәйкес, Ресей құрамасының боксшылары халықаралық жарыстарда өз мемлекетінің туы мен әнұранын пайдаланып, өзге елдердің спортшыларымен тең құқықта сынға түсе алады.
Дегенмен, ұйым ресейлік делегациялардың мінез-құлқы мен допингке қарсы талаптарды сақтау қатаң бақылауда болатынын атап өтті.
Сондай-ақ жиында Астанада 2027 жылы өтетін бокстан әлем чемпионатына дайындық барысы талқыланып, 2028 жылғы Олимпиада ойындарының іріктеу турнирлерінің күнтізбесі бекітілді.
World Boxing президенті Геннадий Головкин қабылданған шешімдер ұйымның дамуындағы маңызды кезең екенін айтты.
«Бүгін қабылданған шешімдер федерацияның тек шаршы алаңдағы ғана емес, одан тысқары қызметінде де елеулі ілгерілеу бар екенін көрсетті. Біз олимпиадалық қозғалыста бокстың болашағын қамтамасыз ететін ашық әрі тиімді ұйым құру бағытындағы жұмысымызды жалғастырамыз», – деді Головкин.