homepage
фото: ашық дереккөзден

"Азаматтықты ақшаға алдым": ІІМ даулы видеоны жоққа шығарды

31.07.2026, 23:23

Ішкі істер министрлігі әлеуметтік желіде Қазақстан азаматтығын заңсыз алғанын мәлімдеген ер адамның жеке басын анықтады. Ведомствоның мәліметінше, оның айтқандары шындыққа сәйкес келмейді. Осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Бұған дейін әлеуметтік желіде бір ер адамның Қазақстан азаматтығын еш қиындықсыз алғанын айтып, мемлекеттік тілді білуге арналған емтихан тапсырмағанын мәлімдеген видеосы тараған болатын. Тікелей эфир барысында екі адам Қазақстан азаматтығын алу мәселесін талқылаған. Әңгіме кезінде олардың бірі азаматтықты қалай алғанын және қазақ тілінен тест тапсырған-тапсырмағанын сұрайды. Жауап берген ер адам ешқандай емтихан тапсырмағанын, мәселені ақша арқылы шешкенін айтқан. 

Видео тарағаннан кейін ІІМ тексеру жүргізіп, мәлімдеме жасаған адамның жеке басын анықтады. ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешевтің айтуынша, ол Қазақстан азаматы емес, көршілес мемлекеттердің бірінің азаматы болып шыққан.

«Тексеру барысында оның Қазақстан азаматтығын алдым деген мәлімдемесі шындыққа сәйкес келмейтіні анықталды. Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды», – деді Шыңғыс Алекешев.

Қазір Қазақстанның құқық қорғау органдары шетелдегі әріптестерімен бірлесіп қажетті іс-шараларды жүргізіп жатыр. Сонымен қатар ІІМ қоғамда жалған ақпарат таратуға және елдегі тұрақтылыққа нұқсан келтіруге бағытталған кез келген әрекетке қатаң шара қолданылатынын мәлімдеді.