homepage
фото: ашық дереккөзден

«ҚазТАГ» ісі бойынша сот үкімі шықты

31.07.2026, 22:36

Алматыда «ҚазТАГ» ақпарат агенттігіне қатысты қылмыстық істің нүктесі қойылып, үкім оқылды, деп хабарлайды Juzmedia.kz. Агенттіктің бас директоры Әсет Матаев 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды, сондай-ақ оған 3 жылға журналистік қызметпен айналысуға тыйым салынды. Ал, Бас редактор Әмір Қасенов көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін кінәлі деп танылып, рақымшылық туралы заңға сәйкес 1 жыл 3 айға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді.  Ол 5 жыл журналистік қызметпен айналыса алмайтын болды.

Бұл іс бойынша сотталған тағы бір тұлға – Астана тұрғыны Жанна Қапарова. Ол да кінәлі деп танылғанымен, рақымшылық туралы заңға сәйкес жазадан босатылды. Сот үкімімен олар «Фридомға» 165,4 млн теңге шығынды өтеуі тиіс. 

Қылмыстық іс «Фридом Финанс» брокерлік компаниясына қатысты жарияланған материалдарға байланысты қозғалды. Тергеу дерегінше, қор нарығындағы сәтсіз инвестициялардан кейін зейнеткердің қызы Жанна Қапарова компанияға қарсы ақпараттық науқан ұйымдастырып, кейін «ҚазТАГ» бас редакторы Әмір Қасеновпен әрекеттескен. Мемлекеттік айыптау тарапының мәліметінше, бір жарым жылдың ішінде агенттік брокерлік компания мен оның негізін қалаушы Тимур Турловқа қатысты 250-ге жуық материал жариялаған. Бұл жарияланымдарда компания алаяқтыққа, қаржы пирамидасын құруға және қаражатты офшорларға шығаруға қатысы бар деген мәліметтер таратылған.

Бұған дейін, 2026 жылдың ақпанында Алматының Медеу аудандық соты «Фридом Финанс» компаниясының іскерлік беделін қорғау туралы талап арызын толық қанағаттандырып, «ҚазТАГ»-ты жалған ақпаратты теріске шығаруға және жарияланған материалдарды өшіруге міндеттеген. Алайда, сот шешімі орындалмаған.