10 қыркүйектен бастап еліміздің барлық кинотеатрларында «Қара алтын» көркем фильмі көрсетіле бастайды. Бұл «Оян, қазақ» жобасының шығармашылық тобы ұсынып отырған кезекті туынды. Фильмнің продюсері Айсәуле Әбілда журналист Жанар Байсемізге берген сұхбатында фильмнің өзегін тарқатып айтып берді. Оның айтуынша «Қара алтын» фильмі байлыққа жетудің дайын формуласын көрсететін картина емес. Бұл қайтпас қайсарлық пен жасымас жігердің шынайы драмасы.
«Бұл – тек мұнай немесе ақша туралы кино емес. Бұл – кез келген сәтсіздіктен кейін қайта тұрып, күресті басынан бастауға күш беретін, адам рухының жеңісі туралы тарих. Біз көрерменге бүгінгі қоғамға ауадай қажет шынайы қайсарлық пен жігерді көрсеткіміз келді», – дейді ол.
Сюжет желісі ширақ. Фильмнің бас кейіпкері Қасым Исағалиев – әр қадамын шахмат тақтасындағыдай есептейтін суыққанды әрі интеллектуал кәсіпкер. Көрермен кейіпкермен бірге инвестор іздеу, лицензия алудың қияметтік бюрократиясы және алғашқы бұрғылау жұмыстарының ауыр өндірістік процесіне толық бойлайды.

«Қара алтын» – ауқымды әрі ойлы драма. Фильмді түсірудегі басты мақсаттардың бірі – ауылдан үлкен қалаға келген жастардың өз болашағына деген көзқарасына әсер ету.
«Мысалы, ауылдан келетін қазақ жастары тіл білмеуіне байланысты, мидағы шектеулеріне байланысты төмен жұмыстарға, төмен мақсаттарға өзін лайық көріп, өзін шектемесе, биік армандарынан бас тартпаса, соған ұмтылса деген ойды айтқымыз келді. Адам ең алдымен мимен, оймен берілмеу керек», – дейді фильмнің продюсері.
Продюсер адал еңбектің нәтижесі мен оңай жолмен пайда табуға ұмтылудың ара-жігін жас кезден ажырата білу керек деп санайды. Сондықтан фильмнің негізгі аудиториясы тек кәсіпкерлер емес, мектеп оқушылары, студенттер, жас мамандар мен өз кәсібін бастағысы келетін азаматтар. Команда қолындағы барлық мүмкіндігін пайдаланып, жобаның сапалы шығуына бар күшін салған.

«Мотивациялық тұрғыдан өте жақсы фильм деп айта аламын. Бірақ максималистік табиғатым айтады: бұдан да жақсырақ қылуға болар ма еді деп. Білмеймін, бар күшімізді сарқып істегеніміз осы болды. Өзімнің көңілім толды», – деді сұхбат барысында туынды продюсері.
«Қара алтын» фильмі 10 қыркүйектен бастап еліміздің барлық кинотеатрларында көрсетіледі.