homepage
фото: жИ арқылы жасалды

Тоқаев шақырып, шенеуніктер шошытып әлек: инвестордың шағымы көбейді

31.07.2026, 14:41

Тоқаев шақырып, шенеунік шошытып әлек: инвестордың шағымы көбейді. Небәрі 6 айда инвесторлардан мыңға жуық шағым түскен. Арыз-шағымдардың басым бөлігі Алматы (33), Астана қаласы (28), сондай-ақ Алматы облысы(22) және Түркістан облысынан (19) келіп түскен, деп хабарлайды Juzmedia.kz. 

Тоқаев талмай айтып келе жатқан бір тақырып осы инвестиция жайы. Президент Үкімет пен әкімдіктерге бұл бағыттағы жұмыстарды  күшейтуді міндеттеп, былай деген болатын: 

«Үкімет инвестиция саласындағы жұмысты күшейтуі қажет. Басқа жол жоқ. Әйтпесе, инвестиция нарығындағы бәсекелестік қызып тұрған кезеңде заман ағымынан кеш қаламыз. Бізге сапалы инвестиция қажет». 

Алайда, Президент тапсырмасының өңірлерде орындалуына қатысты сұрақ көп. Кейбір шенеуніктер инвестор тартуды нақты нәтижемен емес, қасаң есеп пен мағынасыз жиын өткізумен ғана шектейтіндей әсер қалдырады. Инвесторға ең алдымен қолайлы бизнес орта, ашықтық, жедел шешім қабылдайтын мемлекеттік аппарат және бюрократиялық кедергілердің аз болуы маңызды. Дей тұрғанмен, бұл талаптардың барлығы бірдей орындалып жатыр деу қиын.

Алаяқтықтан зорлауға дейін…

Таяуда ғана Түркістан облыстық мәслихатының депутаты қытайлық инвесторды зорлады деген күдікке ілінгені туралы ақпарат тарады. Мұны әуелде Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі растағанымен, әкімдік артынша жәбірленуші азаматшаның инвестор емес екенін айтып, ақпаратты жоққа шығарды. Нақтысы,  шетел азаматтары өңірде инвестициялық жобаларды жүзеге асыратын инвесторлар ретінде тіркелмеген. Олар Түркістан облысына жеке шаруаларымен келген және жергілікті атқарушы органдардың сүйемелдеуіндегі инвесторлар тізімінде жоқ деп отыр. Дей тұрғанмен, осыған ұқсас фактілер елдің инвестициялық тартымдылығына кері әсер ететіні анық. 

Жоғарыдағы мысал жалғыз дерек емес. Осыған дейін қазақстандық азамат швейцариялық инвесторды 3,5 миллиард теңгеге сан соқтырып кеткені естеріңізде болар. Бас прокуратураның мәліметінше 2016 жылдың қыркүйегінде қазақстандық кәсіпкер жалған құжаттарды пайдаланып, швейцариялық инвесторға тиесілі «УК Ринком» серіктестігінің 80 пайыз үлесін 63 миллион теңгеге заңсыз сатып жіберген. Аталған кәсіпорын Ұлытау облысындағы темір кен орнын игерумен айналысқан. Сот айыпталушыны аса ірі көлемдегі алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танып, 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айырды. 

Тағы бір дерек. Шымкентте жұмыс істейтін қытайлық инвесторлар жергілікті полиция департаменті қызметкерлерінің заңсыз қысым жасағанын мәлімдеген еді. Кәсіпкерлердің айтуынша, құқық қорғау органдары зауыттың ондаған қытайлық маманын 15 күн бойы негізсіз ұстап, кәсіпорын жұмысын тоқтатуға мәжбүрлеген. Металл өндіру зауытының өкілі Кэ Сююннің сөзінше, полицияның заңсыз рейді салдарынан инвесторлар 700 миллион доллар көлемінде шығынға батқан, ал мемлекет бюджетіне 200 миллион доллар салық түспей қалған. 

Су жаңа  комитеттің уәжі

Президенттің тапсырмасымен жарты жыл бұрын ҚР Бас прокуратурасының жанынан Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті жасақталды. Ведомства бүгінге дейін 3,4 мың инвестициялық жобаны сүйемелдеген. Әр жобаға жекелей прокурор бекітілген. Комитет құрылғанға дейін 1,9 мың жоба болған. Оның ішінде 481 кейс шешіліп, мемлекеттік органдардың 822 заңсыз шешіміне тосқауыл қойылыпты. Бизнесті заңсыз араласудан қорғау күшейтілді. Бизнестің қызметіне заңсыз араласқан 150 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен (32 тұлға) 5 есе көп.

«Инвесторлардың пайдасына қабылданған шешімдердің үлесі 9%-дан 15%-ға дейін, яғни 1,5 есеге өсіп, нвесторларға қатысты тексерулердің үлесі 13%-ға қысқарды», - дейді ҚР Бас прокуратурасының Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті. 

Әкімшілік рәсімдер бойынша инвесторлармен туындаған сот дауларының саны 40%-ға азайып, 39-дан 24-ке дейін төмендеген.

«Инвесторлардан көбіне жер рәсімдері, инфрақұрылым мәселелері, мемлекеттік сараптама немесе анықтама қағаздарына қатысты шағымдар түседі. Бұлар – ең жиі кездесетін мәселелер», - дейді Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті. 

2026 жылдың өткен кезеңіндегі статистикалық деректерге сәйкес, комитетке барлығы 925 өтініш келіп түскен. Оның ішінде 196 өтініш инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторларға тиесілі. Өңірлер бөлінісінде инвесторлардан ең көп өтініштер Алматы қаласынан (33), Астана қаласынан (28), сондай-ақ Алматы облысынан (22) және Түркістан облысынан (19) келіп түскен екен.

Дегенмен, жағдай мүлдем нашар деуге келмейді...

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы алты айында Қазақстанда негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 9,5 трлн теңгеден асты. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 9,6%-ға артық.

Инвестиция ең көп өскен өңірлер – Ұлытау, Жамбыл, Түркістан, Абай, Батыс Қазақстан және Алматы облыстары. Ал Жетісу облысында, Шымкентте, Қарағанды облысында және Солтүстік Қазақстан облысында көрсеткіштің төмендеуі байқалады. Республика бойынша инвестицияның ең үлкен үлесі Астанаға және Алматыға тиесілі. 

Инвестиция – жай ғана қаржы емес. Ол – жаңа жұмыс орындары, заманауи технология, өндірістің дамуы және өңір экономикасының жандануына жол ашатын мүмкіндік. Инвестиция – әлем елдері таласатын арзан капитал. Сол бәсекенің бел ортасында жері бай Қазақстан да жүр. Бірақ айлар, бәлкім жылдар бойы қалыптасқан инвестициялық беделді бір ғана жауапсыз әрекет жоққа шығара салатынын кейбір шенеуніктер түсінсе дейсің...