homepage
фото: AP Photo / Antonio Sempere

Мыңдаған мигрант Испания шекарасын бұзып өтті

31.07.2026, 10:54

Испанияның Мароккомен шекаралас Сеута анклавына мигранттар баса-көктеп кіріп жатыр. Көші-қон дағдарысына орай Испания билігі анклавка әскер жөнелтті. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, бір тәуліктің ішінде Сеутаға 20 мыңға жуық заңсыз мигрант өткен. Шекараны жаппай кесіп өту кезінде кемінде тоғыз адам қаза тапқан, деп хабарлайды Juzmedia.kz жергілікті басылымдарға сілтеме жасап. 

Мигранттар корольдікке теңізбен де, құрлықпен де жетіп, «Испания жасасын!» деп ұрандатқан. Сеута - жақсы тұрмыс іздеп Еуропаға аттанатын африкалық және таяушыстық мигранттар үшін негізгі жолдардың бірі. Соңғы 12 айда осы бағытпен өтпек болған 60-тан астам адам көз жұмыпты. 

Италия премьер-министрі Джорджа Мелони Испанияның Солтүстік Африкадағы Сеута автономиялық қаласына заңсыз мигранттардың жаппай келуіне байланысты Испаниямен арадағы Шенген келісімінің қолданысын уақытша тоқтатуға дайын екенін мәлімдеді. 

“Сеутадан тараған кадрлар алаңдатады. Бұл бақылаусыз заңсыз көші-қонның Еуропа шекараларының қауіпсіздігіне нақты қауіп төндіретінін тағы бір мәрте көрсетті. Біз шекарамызды қорғап, азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін төтенше шаралар қабылдауға, оның ішінде Испаниямен арадағы Шенген аймағының қолданысын уақытша тоқтатуға дайынбыз”, — деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.