Қаржылық мониторинг агенттігі Ақтөбе облысында интернет-алаяқтарға қызмет көрсеткен ұйымдасқан қылмыстық топтың жолын кесті, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Тергеу барысында күдіктілердің азаматтардан алаяқтық жолмен алынған ақшаны қабылдап, криптовалюта арқылы заңдастырғаны анықталған.
ҚМА мәліметінше, қылмыстық топтың құрамында оннан астам адам болған. Олар интернет және телефон алаяқтарынан түскен қаражатты жасыру үшін 150-ден астам дропперді пайдаланған.
Тергеу барысында күдіктілердің банк қосымшалары мен криптоәмияндар орнатылған ұялы телефондар арқылы дропперлердің шоттарын қашықтан басқарғаны белгілі болды. Заңсыз жолмен алынған қаражат алдымен транзиттік банктік шоттар арқылы өткізіліп, кейін дропперлердің есепшоттарына аударылған. Одан әрі ақша криптовалюта платформаларына жіберіліп, USDT цифрлық активтеріне айырбасталған.
Заңсыз операцияларды заңды етіп көрсету үшін жалған қарыз шарттары мен жалған компаниялар пайдаланылған. Кейін қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылып, шетел валютасына айырбасталған.
Қазіргі уақытта еліміздің 16 өңірінен 80 жәбірленуші анықталды. Алдын ала есеп бойынша, келтірілген жалпы шығын 120 миллион теңгеден асады.
Іс бойынша 8 күдікті қамауға алынды, тағы екі адам үйқамаққа алынған.
Сот санкциясымен күдіктілердің 8 пәтеріне, бір автокөлігіне және 52 мың USDT көлеміндегі цифрлық активтеріне тыйым салынды.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.