Алматыда жол қозғалысын ұйымдастырудың жаңартылған ережесі әзірленді. Құжатта алғаш рет электр самокаттар, мопедтер және өзге де жеке мобильділік құралдарын пайдалануды кешенді түрде реттеу көзделген, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Жобаны мәслихат отырысында Жол қозғалысын ұйымдастыру және жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Ержан Диханбаев таныстырды.
Жаңа ережеге сәйкес, электр самокаттары, мопедтер және басқа да жеке мобильділік құралдарына арналған тұрақ орындарын орналастырудың бірыңғай талаптары енгізіледі. Жалға беру қызметін көрсететін операторлар тұрақ орындарын шарт негізінде ұйымдастырады. Ал тұрғындар бұл тұрақтарды өздерінің жеке самокаттары мен басқа да мобильділік құралдарын қою үшін тегін пайдалана алады.
Сонымен қатар құжатта көлік құралдарын эвакуациялау және арнайы тұрақтарда сақтау тәртібі, сондай-ақ аулаларда шлагбаумдар мен қорғаныш қоршауларын орнатудың бірыңғай талаптары белгіленген. Бұл ретте жедел жәрдем, өрт сөндіру және басқа да арнайы қызметтердің көліктері үшін кедергісіз өту мүмкіндігі міндетті түрде қамтамасыз етіледі.
Қала әкімдігінің мәліметінше, жаңа ереже жол қозғалысын тиімді ұйымдастыруға, қалалық инфрақұрылымды ұтымды пайдалануға және жеке мобильділік құралдарын реттеудің бірыңғай жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді.