Көкшетауда бұрылыста әйелді қағып өлтірген көліктің иесі рақымшылыққа ілікті, деп хабарлайды Juzmedia.kz агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Жүргізуші куәлігі жоқ келіншегіне рөлді бергені үшін оған үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған еді.
Алайда полиция амнистияның қолданылуына байланысты қылмыстық істі тоқтатқан.
Еске салайық, қайғылы оқиға мамыр айында болған. Көкшетау тұрғыны өзін жайсыз сезінген соң, жүргізуші куәлігі жоқ жұбайына өз көлігін жүргізуге рұқсат берген.
Ал әйел 52 жастағы жаяу жүргіншіні қағып, ол оқиға орнында көз жұмды.
Марқұмның артында жалғыз өзі тәрбиелеп отырған 12 жастағы ұлы қалды.
Сот кінәлі әйелді екі кішкентай баласының болуына байланысты жазасын үш жылға кейін қалдырып, 2,5 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті.
— Көлік құралы иесіне қатысты қылмыстық іс жеке іс жүргізуге бөлініп, ҚР ҚК 349-бабының 3-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылық бойынша тергелді. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру нәтижелері бойынша ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 35-бабы 1-бөлігі 3-тармағың негізінде, рақымшылық актісін қолдануға байланысты қылмыстық істі тоқтату туралы іс жүргізу шешімі қабылданды, – деді Ақмола облысы ПД тергеу басқармасы бастығының орынбасары Амандос Мыңжанов.