Түркістан облысында 2400 метр биіктіктегі таудан бір адам құтқарылып, бір адамның мәйіті түсірілді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, құтқарушылар Ақсу-Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығы аумағындағы жетуі қиын таулы жерде құтқару операциясын жүргізді.
Оқиға Төлеби ауданындағы Шүнкілдек асуында, теңіз деңгейінен 2400 метр биіктікте болған. ТЖМ-ге хабарласқан ер адам бірге жүрген досының денсаулығы күрт нашарлап, көз жұмғанын айтқан. Сондай-ақ өзінің де жағдайы нашарлап, таудан өздігінен түсе алмай отырғанын жеткізген.
“Оқиға орнына ТЖМ құтқарушылары мен «Қазавиақұтқару» АҚ-ның тікұшағы жіберілді. Құтқару операциясы барысында 1993 жылы туған ер адам тікұшақпен эвакуацияланып, қауіпсіз жерге жеткізілді. Дәрігерлер оған қажетті медициналық көмек көрсетті”, - делінген хабарламада.
Сонымен қатар құтқарушылар 1978 жылы туған ер адамның мәйітін таудан түсірді. Алдын ала мәлімет бойынша, ол денсаулығының күрт нашарлауынан қайтыс болған.
Осыған байланысты ТЖМ азаматтарға тауға шығар алдында баратын бағыты туралы жақындарына алдын ала хабарлап, ауа райы болжамын ескеруге кеңес береді.
Сондай-ақ өзімен бірге байланыс құралын, жеткілікті су, дәрі қобдишасы және қажетті дәрі-дәрмектерді алып жүру қажеттігін еске салды.