Juzmedia ақпараттық агенттігінің Instagram желісіндегі ресми парақшасы бұғатталды. Бұл туралы агенттіктің бас редакторы мәлімдеді. Парақшада 60 мыңнан астам оқырман болған, ай сайынғы қаралымы 13–17 миллионға дейін жеткен еді.
«Бұл – жарнама арқылы немесе арзан хайппен жиналған аудитория емес. Бұл – екі жыл бойы күн сайын жасалған еңбектің нәтижесі болатын», – деп жазды Фейсбук әлеуметтік желісінде Тоғжан Жалғасбек.
Қазіргі уақытта мамандар парақшаны қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл бұғаттау тендерлерге қатысты жарияланған материалдардан кейін ұйымдастырылған жаппай шағымдардың салдары болуы мүмкін.
«Біздің бағалауымыз бойынша, жаппай шағымдар шетелдік бот-аккаунттар арқылы ұйымдастырылған. Juzmedia-да жарияланатын барлық материал нақты деректерге сүйеніп дайындалады және заңгердің тексеруінен өткеннен кейін ғана жарық көреді», – деп түсіндіреді бас редактор.
Сондай-ақ, оның айтуынша тендерлерге қатысты зерттеу материалдары жарияланғаннан кейін түрлі қысым әрекеттері болған.
«Әкімдіктер тарапынан түрлі “ұсыныстар" жасалды, тіпті қысым көрсету әрекеттері де болды. Одан нәтиже шықпаған соң басқа тәсілдерге көшкен сияқты. Бір нәрсе анық: мұндай қысым біздің ұстанымымызды өзгертпейді. Барлық парақшамызды жауып тастаса да, Juzmedia өз жұмысын тоқтатпайды», – деп нықтады ұжым ұстанымын бас редактор.